Мақат ауданының тоқсан бес жылдығы аясында өткен облыстық "Ұлы дала сазы" бірінші балалар оркестрлері байқауы -жарыс деген атынан бөлек үлкен мерекеге айналды.
Өнер саңылақтарының басын бір арнаға тоғыстырып, халыққа керемет кеш сыйлауға ұйытқы болған аудан әкімі Жұмабай Ғаббасұлының бұл бастамасы облыс тарихында алғаш рет екенін атап өткен жөн. Бұл туралы Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының музыка колледжі директоры Гүлнара Манапқызы астын сызып тұрып атап өтті. Шыныменде бір емес отыздан қырық үшке дейін созылған құраммен келген екі жүз сексен жас дарыннан құралған сегіз бірдей оркестрдің, сайысын ұйымдастыру үлкен ерлікке пара-пар еді.
Жалпы жарысқа қатынасқан әр жас өрендердің бір ізбен келіп сахнаға жайғасуларының өзінде керемет жүйе байқалады.
Байрақты бәсекеде бір туындыны бірнеше оркестр өз бояуымен, өз нақышымен құбылтып орындағанда сәттер аз болмады.
Жарыс қортындысы бойынша әрбір жеке орындаушыларға және Жылыойлық, Исатайлық, Индерлік ұжымдарға алғыс хаттар тапсырылды. Жүлделі үшінші орынға Атырау селолық "Өркен" балалар оркестрі ілігіп сыйлыққа планшет еншіледі. Қайыршақты балалар саз мектебінің "Үлгілі" ұлт-аспаптар оркестрі мен Мақат аудандық құрама балалар оркестрі жүлделі екінші орынды өзара бөлісіп сыйлыққа теледидар алды. Байқаудың бірінші орынына атырау қаласынан келген Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің "Құлагер" оркестрі жайғасып, музыкалық орталыққа ие болды.
Дүбірге толы додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып бас жүлдеге "Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы" Атырау музыка колледжі жанындағы "Сарайшық сазы" балалар оркестрі ие болып, теледидар сыйланды. Бір қуанарлығы бұл оркестрдің құрылғанына айдың жүзі енді ғана болыпты. Осындай ұжымның құрылуына түрткі болған аудан әкімі Жұмабай Ғаббасұлы бас жүлде иегерлерін өз қолымен марапаттай тұрып дарынды балаларды өз арамыздан табу мақсатында шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынын айтып өтті.
А.САДЫҚОВ, суреттер автордікі.