Тәуелсіздік жылдарынан бері спортшы саңлақтар әртүрлі байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғап, қазақ халқының ұл-қыздарының күш-қауаты мен қарым-қабілетін әлемге мойындатып келеді. Жергілікті спортшылар да облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен жетістікке қол жеткізіп, ауданның абыройын асқақтатып жүр.
Жақында ғана Қытайдың Гонконг қаласында дзюдо күресінен ерлер арасында өткен ашық Азия кубогінде аудан спортшылары топ жарып, қуанышты хабарды жеткізді. Аспан асты елінде еліміздің мерейін үстем еткен Доссор балалар жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Ұлықбек Әбілхайыр 60 келі салмақта күміс жүлдеге ие болса, 66 келі салмақ дәрежесінде Дінмұхаммед Шаменов қола жүлде иегері атанды.
Байрақты бәсекеде кіл мықтылар арасынан суырылып шығып, жеңіске жеткен боз кілем шеберлері аталмыш жарыстың тартысты өткендігін, жеңіске үздіксіз жаттығулар мен еңбектің арқасында қол жеткізгендігін айтады.
Ендеше, сайыста топ жарған спортшыларымызға жеңісті күндеріңіз көп болсын дейміз!
Ә.ҚАСЫМ