Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президентінің Телерадиокешені құрамындағы «Jibek Joly» телеарнасының ұйымдастыруымен «Жақсы адам – 2025» арнайы сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Бұл дәстүрлі сыйлық жыл сайын адал еңбегімен, жанашыр ісімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген жандарға беріледі. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ел дамуына үздіксіз үлес қосып жүрген 7 азамат лауреат атанды. Оларға диплом және 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді.
Марапат биігінен көрінгендердің қатарында ауданымыздың жедел жәрдем бөлімшесінде 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен фельдшер Гүлзада Әбдіғалиева бар.
Гүлзада Әбдіғалиева осы марапат арқылы тек жеке жетістігін ғана емес, ауданымыздың абыройын да асқақтатып отыр. Оның адал еңбегі мен жанашырлығы – нағыз «Жақсы адам» деген атқа лайық үлгі болып саналады.
Айта кетейік, марапаттау рәсімінің толық нұсқасы жаңа жыл қарсаңында «Jibek Joly» телеарнасынан көрермендерге ұсынылмақ.
Г.Мәмбетқызы



