Бүгін, 17 мамыр күні ауданымызға Атырау облысының еркін күрес федерациясының президенті Нұрлан Усеев бастаған мәртебелі меймандар келді.
Алдымен, Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне табан тіреген федерация өкілдері наурыз айында өткен ел чемпионатында облыс мерейін асырған Ербол Маратұлы мен Ерасыл Сайранға және жеңімпаздардың жеке жаттықтырушысы Әмірхан Жүгінісовке арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлық табыс етті. Мұндай марапат жаттығып жатқан жас жеткіншіктерге де үлкен жігер сыйлайтыны анық.
"Жаттығудан қалмай, тәлімгерлерінің тапсырмасын бұлжытпай орындай білсеңдер сендер де үлкен жетістікке жетесіңдер. Бұл ауданды біз еркін күрестен ғана емес, сол секілді дзю-до мен футзал арқылы да жақсы танимыз.
Жақында ауданға басшы болып келіп жатқан Ринат ағаларың да бір емес екі олимпиаданы көрген өте тәжірибелі спортшы. Сіздерге жасап жатқан қолдауын сезініп, мол мүмкіндіктерді ұтымды пайдалан біліңдер", - деді Нұрла Аққозаұлы.
Мұнайлы мекеннің төрінен табылған меймандарымыз әрі қарай аудан әкімі Ринат Ибрагимовтың қабылдауында болды. Ауданымыздың спортшыларына көңіл бөліп, жеңістерімен құттықтап келген спорт жанашырларына Ринат Хисаұлы өз алғысын білдіріп, толағай табыстар тіледі.
А.САДЫКОВ