«Еркем-ай» өз кешін өткізді

(0 Votes)

Халықаралық би күні қарсаңында Доссор мәдениет үйі жанындағы «Еркем-ай» үлгілі би ансамблінің «Мұнайлы өлке маржандары» атты есептік концерті өтті. Тарихтан сыр шертетін болсақ ансамбль 2002 жылы қаңтар айында хореограф Ақмарал Жұмағалиеваның жетекшілігімен құрылған болатын. Би тобының алғашқы мүшелері сол кезде 6 жаста еді. О бастан биші қыздар жыл сайын өтетін фестивальдерге шақырту алып, аудан өнерпаздары арасында ойып тұрып өз орнын белгіледі.

tantsy12008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі шешімімен «Еркемай» би ансамбліне «Халықтық өнерпаздар ұжымы» атағы берілсе, 2012 жылы №175 бұйрықпен қайта «Халықтық» атағын қорғап шыққан болатын. Кейінгі жылдары «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамының теңгеріміндегі «Мұнайшылар» мәдениет үйі жабылып, мекеме 2014 жылы сәуір айында «Мақат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Доссор мәдениет үйі» болып қайта құрылғанда «Еркем-ай» би ансамблі жұмысын қайта жандандырды. Ансамбль 2018 жылы қазан айында Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының шешімімен «Үлгілі» атағын алып, қайта рәсімделген болатын. Сол мезеттен бастап ансамблге хореограф Айнұр Садуақасова жетекшілік етіп келеді. Ансамбль бишілері Нұр – Сұлтан қаласында өткен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі үлкен сахнада өнер көрсеткен болатын. Сондай-ақ, бұл ұжымның жеткен жетістіктері де аз емес. «Еркем-ай» үлгілі би ансамблі 2018 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы ұлттық-дәстүрлі өнер байқауында хореография жанры бойынша «Алтынай» халық биін билеп бас жүлдеге ие болды. 2020 жылы Халықаралық «Адал ұрпақ-мәңгілік ел болашағы» атты балалар мен жастар байқауында және «Самға» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған Республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. 2021 жылы Алматы қаласында өткен «Жамбылдың әсем жырлары» атты Халықаралық өнер және білім байқауында бас жүлдені иемденсе, 2022 жылы «Art Festival Asia» Халықаралық фестиваль-конкурсынан қазақ биімен І орын және орыс биімен ІІІ орынды иемденді. Ансамблдің биік жетістіктерге жетуіне жетекшісі Айнұр Садуқасованың және әрқашан қолдауын аямайтын, мәдениет үйінің шәкірті, Бүкіләлемдік CID UNESCO би кеңесінің мүшесі, «Өнер саласының үздігі», ҚР «Мәдениет майталманы» педагог-хореограф Аслан Тілеуғалиевтың еңбегі орасан зор. Концерттік бағдарламаның өту форматы өз алдына ерекше болды. Есептік концерт шымылдығы ансамблдің орындауында «Ыңғайтөк» биімен ашылды. Кеш барысында бишілер орыс халқының «Девичья пляска» биін, қазақ биі «Ауыл кеші көңілді», Танго, Хорезм, «Ғасырлар тоғысуы», «Той бастар» билерін мың бұра билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толуына орай бишінің туындыларының бірі «Айжан қыз» биін билеген ансамбль көптің көңілін көтерді. Коцертік бағдарлама ансамбль жетекшісі Айнұр Садуақасованың орындауындағы «Қазағым-ай» әніне қойылған биімен қорытындыланды. Кеш соңында құрылғанына 20 жыл толған ансамбль ұжымына аудан әкімі Ринат Хисаұлының арнайы алғыс хаты табыс етілді. М.Серікқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT