Белдескеннің белін үзбесе де, санын соқтыратын сайдың тасындай іріктелген бозкілем шеберлері өсіп келеді.
Бұған дейін де "жауырыны жер иіскемей", барған жерінен бәйгесіз оралмайтын Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Ербол Маратұлы тағы да олжалы оралды. Ол осы жылдың 14-16 шілде күндері аралығында өткен 2006-2008 жылғы туған кіші жасөспірімдер арасында Еркін күрестен облыстық іріктеу чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тақты. Бұл ретте палуанымызды бала кезінен шыңдап жүрген жаттықтырушысы Әмірхан Жүгінісовтің да еңбегі орасан екенін айтып өткен жөн. 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ербол енді тамыз айының 14-16 арасында Шымкент қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғамақ.
Сондай-ақ, іріктеу барысында белдескен Қарасаев Диас (38 кг), Жаулыбай Нұралы (41 кг), Толыбай Назархан (62 кг) салмақ дәрежелері бойынша үшеуі де үштікті әдемі түйіндеп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Байрақты бәсекеде Атыраудың намысын қорғағалы тұрған мақаттық өренге сәттілік серігі болып, ел чемпионы деген атпен оралуына тілектестік білдіреміз.
А.САДЫКОВ