Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ақ Бидай» облыстық VII ауыл спорты ойындарына берілетін жолдамалардың алды сарапқа салына бастады. Қазірдің өзінде күш сынасу және асық ату бойынша аудандық іріктеуден іркілмей өткендердің есімі белгілі болды.
Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар өз ара тартысқа түсті. Жоғарыда аталған спорттың екі түрі де тартысқа толы өтті.
Алдымен, қол күресі бойынша 9 адам 3 салмақ (60 кг, 90 кг, 100 кг) дәрежелері бойынша күш сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша: 60 келіден Наурыз Кенжеғалиевтің алдына ешкім түсе алмады. II-ші орынды – Нұрлыбек Аққойшиев, III-ші орынды Ербол Құбайдоллаев иеленді. 90 келіден Рамазан Дүйсенов топ бастады. II-ші орынды Ерболат Бисенбай еншілесе, Болатбек Кужаров IIIші орынға табан тіреді. 100 келі салмақ бойынша алдыңғы орынға Айдын Хасанов шықты. Алыптардың айқасында күміске ие болу да көңіл көншітерлік нәтиже. Екінші орынға Думан Құмаров табан тіреп, үздік үштікті III-ші Құрман Мұханбетов түйіндеді.
Соңғы кездері ауданымыздың аты асық атудан да әйгілі бола бастады. Спорттың бұл түрі бойынша 8 адам сынға түсіп, ойын өте қызықты өтті. Мәселен, жарыс жеңімпазы атанған Ғалымжан Нарымбаев алғашқы кезеңде жеңіліп жатып санаулы секундтар қалғанда керемет комбэк жасады.
Қарап тұрып қызыққа батқан біз асық атуға да темірдей төзім мен мұқалмас жігер керек екенін анық ұққандай болдық. Жарыстың ірісі не шағыны демей жүлдеден жүлде қоймай жүрген Мұрат Қайров бұл жолы екінші орынды місе тұтты. Ал, III-ші орынды Ербол Құбайдоллаев алды. Жарыс ұйымдастырушылары жеңіске деген жігері үшін Еркін Мұханбетжановты да елеусіз қалдырмады.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ағымдағы жылдың 3-6 тамыз күндері Атырау қаласында өтетін «Ақ Бидай» облыстық VII ауыл спорты іріктеу ойындарына қатысуға жолдама алып, бөлімі атынан диплом, кубок және медалдармен марапатталды.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан