Өткен аптада Доссор мәдениет үйінде 20 мен 35 жас аралығындағы орындаушылар арасында аудандық «Жаңа tolqyn» ән байқауы өтті. Іріктеуден іркілмей ақтық сынға жолдама алған 10 жас қызметкер өз мекемесінің намысын қорғады.
Жастар арасында жаңа есімдерді анықтау және олардың музыкалық орындау шеберлігін арттыру мақсатында өткен байқау 2 кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде қазақ композиторларының әндерін, екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндерді орындады.
Жас орындаушылардың арасынан мықтыны аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жасұлан Сисембаев, Доссор мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Данияр Еримов және Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің вокал үйірмесінің жетекшісі Шакизада Қонысбаева анықтады. Олар орындаушылық шеберлікке, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне және музыкалық сүйемелдеудің сапасына баса назар аударды.
Қазылар алқасының шешімімен алғыс хат және қаржылай сыйлықпен Айзада Сәулебайқызы, Эльвира Аманғалиева, Айдана Көшкенбаева, Шара Жандарбекқызы, Толқынай Хайрмеденова және Ербұлан Бөрібаев марапатталды. ІІІ орын мен 30 теңгелік сыйақыны Қасымхан Амангелді (А.Құнанбаев атындағы орта мектебі), ІІ орын мен 40 мың теңгелік сыйақыны Жансая Аяпбергенова (Доссор кентінің тұрғыны), І орын мен 50 мың теңгелік сыйақыны Дәулет Жақыпов (Мақат балалар өнер мектебі) жеңіп алды. Ал үздіктердің үздігі боп танылған Қуаныш Есенжан (Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі) бас жүлде мен 60 мың теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.
А.Есжан