«БЖСМ» – «Суперкубок» иегері

(0 Votes)

Мақаттықтардың футбол десе ықыласы ерекше. Бізден шыққан ойыншыларымызға әуесқой клубтар талас жүргізсе, жас өрендеріміздің өзі «спорт шебері» атанып, республиканы мойындатып үлгерді.

Енді жаз басталысымен командалар арасындағы тартыс қайта қыза түспек. Кезекті футбол маусымы былтырғы жылғы мекемелер арасындағы қызмет лигасының чемпионы «Локомотив Мақат» командасы мен «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері» құрамасының арасындағы кездесумен басталды.

Ойын басталмай тұрып аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов тұрғындарды футбол маусымының ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

Көптен күткен ойын қарсыластардың ақырын ғана бірін-бірі аңдуымен басталды. «БЖСМ» есепті ашқаннан кейін көп ұзамай «Локомотив» есепті теңестірді. Солайша бірінші тайм таразы басы тең тұруымен аяқталды. Екінші тайм басталған бойда-ақ қос тараптан да шабуылдар көп болғанымен біразға дейін есеп өзгермеді. Кейін ойынның соңына қарай «Локомотив» командасы алға шықты. Сол кезде көрермендердің жартысы ойын осы есеппен аяқталатынына сенімді болса, жартысы «қызықтың көкесі алда» деп үміттенді. Ойланып отырғанша болған жоқ, тәуекелге бел буып қақпаны бос қалдырған «БЖСМ» екінші голдарын соқты. Маңызды голдың авторы – команда қақпашысы Ербұлан Бөрібаев болды.

Ойынның тәртібі бойынша негізгі уақыттан кейін бірден пенальти сериясы басталды. Алдымен командалар бірінен соң бірі қателік жіберді. Серия соңына қарай «Локомотив» футбол клубының ойыншысы қақпашыдан айласын асыра алмай, шешуші соққы жасау мүмкіндігі «БЖСМ» сапындағы Нұрлан Исполовқа берілді. Ол өз кезегінде қақпа нысанасын дәл көздеп, командаға жеңіс сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да жоғарғы лига мен бірінші лига және қызмет лигасының біріншіліктері болады. Сондай-ақ, кубоктар да сарапқа салынады. Ендеше футболсүйер көрерменді қызыққа толы ойындар күтіп тұр.

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT