Атырау қаласында "Мұнайшы" спорт кешенінде 2008 жылғы туылған және одан кіші жастағы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы үстел теннисінен ашық облыстық чемпионат өткізді.
Байрақты додада аудан намысын қорғаған жасөспірімдеріміз жүлдеден шет қалмады. Жекелей ойыннан қарсылас шақ келтірмеген Х.Санбаев атындағы мектептің бесінші сынып оқушысы Бекзат Бауыржанұлы бірінші орын алды. Жұптық ойында М.Баймұханов атындағы мектептің бесінші сынып оқушысы Қалымжан Гүлім қыздар арасында екінші орынға ие болды. Аталған қос балғын аралас жұптық ойында әдемі ойын өрнегімен көзге түсіп, үздік үштікті түйіндеді.
Бұған дейін де бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатына жолы түсіп жүрген Бекзат баламыз бұл жолы да іріктелініп алынған үздіктердің қатарында болды.
Ол енді Алматыда өтетін ел чемпионатында бақ сынамақ.
Өз тілшіміз