"Ел іші - өнер кеніші" деген. Бүгінде толағай табыстарға жетіп жүрген тек спортшыларымыз ғана емес, мәдениет саласының қызметкерлері де ауданымыздың атын шығарып, жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Бұл сөзімізге жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Рухани қазына-2020" фестивалінде мәдени-демалыс қызметіндегі "Мәдениет жанашыры" аталымы бойынша жеңімпаз атанған Мақат аудандық мәдениет үйінің қызметкері, "Халық театрының" режиссері Азамат Елубаев дәлел бола алады.
Фестивальді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.
Түрлі бағыттар бойынша өткен жарысқа республика бойынша 259 адам өтінім беріп, соның елуі ғана негізгі айналымға іліккен. Сол елуліктің ішінен еленген 15-і ғана. Бірі - біздің Азамат. Жеңімпаз арнайы дипломнан бөлек, 500 000 теңгелік сертификат пен естелік статуэткаға ие болды. Атына заты сай Азамат, әншілігінен бөлек актер. Әрі бейнемонтаждаудың хас шебері. Бүгінгідей қарбалас кезінде қарап қалмай, халыққа рухани азық сыйлай білген жерлесіміздің еленетіндей жөні бар. Бір айта кетерлігі, аталмыш фестивальде облысымыздан топ жарған Азамат ғана.
Ел мерейін үстем қылған еңселі өнерпазымыз жергілікті билік тарапынан да ескерусіз қалмады. Аудан әкімінің орынбасары А.Шаңғалаев жеңімпазымызды жеке қабылдап , елдің атынан алғыс білдірді. Естелік сыйлық пен алғыс хат табыстап, шығармашылық табыстар тіледі. Өз кезегінде А.Елубаев та "Бұл - бәріміздің ортақ жеңісіміз. Елеп жатқандарыңызға үлкен рахмет. Әлі жаспын, бұл тек алар асуымның басы ғана деп ойлаймын. Бұйыртса, бұдан да үлкен белестерді бағындарамыз",-деп тілеулес болған барша жерлестеріне алғысын жеткізді.
А.САДЫКОВ
Сурет автордан