Жақында Щучинск қаласында 2012-2013 жылғы туылған қыздар арасында бас-кетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты өткен болатын.
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған чемпионатқа Республиканың барлық облыстарынан құралған 10 команда бақ сынап, тартысты ойын көрсете білді.
Ойын қорытындысына сәйкес Атырау облысының «Барсы Атырау» командасы жүлдеді ІІ орынды қанжығасына байлады.
Ал, осы облыстық «Барсы Атырау» командасында үздік ойынымен жерлесіміз Дария Сейтқали төбе көрсетіп, команданың алдыңғы қатардан көрінуі үшін аянбай тер төкті. Осындай қажырлы еңбегінің арқасында ол тек үздік ойыншыларға ғана берілетін «Баскетболшы төлқұжатына» ие болды.
«Дария, бұған дейінде талай жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ол өзінің спорттық шеберлігінің арқасында бүгінде облыстың құрама командасында ойын көрсетеді. Бұл аудан үшін үлкен мақтаныш»,- дейді спортшының бапкері Ербол Китенбаев. Сонымен қатар, жас спортшы Дария ағымдағы жылдың 25-26 қаңтар күндері аралығында «Барсы Атырау» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен 2012-2013 жылғы туған қыздар арасындағы стритбол ойынынан нәтижелі І орынды иеленді.
Бізде өз кезегімізде жас споршыға толайым табыстар тілейміз.
Б.Асхатқызы