Атырауда волейболдан облыстық ашық турнир өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
22-23 мамыр күндері "Нұрсая" спорт кешенінде волейболдан ұлдар арасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Өтеғалиевті еске алуға арналған облыстық турнир өтті.
- Дәстүрлі турнир 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып, оған 8 командадан тұратын 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс қорытындысымен Атырау қаласының командасы үздік атанса, Махамбет ауданы екінші орын және Атырау қаласының екінші командасы үшінші орынды иеленді, деді Атырау облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметшісі Ілияс Шайхиев.
Сонымен қатар, ерекше ойынымен көзге түскен Жылыой ауданынан Рамазан Сұлтанкелді, №3 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Қайрош Нұртас, волейбол Академиясынан Оспан Бейбарыс және Атырау қаласы бойынша Руслан Алтынбек «Үздік спортшы» атағына ие болған.
Айта кету керек, бүгінгі күні облыста балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде волейбол спортымен 1200-ден астам бала тегін шұғылданады.