Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың айтуына қарағанда, марафонды 22 қыркүйек пен 31 қазан аралығында онлайн түрде өткізу жоспарланыпты. "INFINITY FITNESS" клубында тіркелген әр қатысушыға жеке реттік нөмері беріледі. Қатысушы өзі қалаған жерде көрсетілген күндер аралығында жүгіріп, белгіленген қашықтықты бағындырған нәтижесін ұйымдастырушыларға жіберуі тиіс. Ересектер марафонға қатысу үшін 1000 теңге төлейді. Ал, балалар тегін қатысады.
"Биыл әдеттегідей ауқымды шара өткізудің реті болмай отыр. Сол себептен, марафон тек онлайн форматта өтеді. Бұл марафонда жеңімпаздар анықталмайды. Басты мақсат – жарыс емес, ең алдымен карантин кезінде тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Марафон жас ерекшелігіне байланысты түрлі қашықтықтарда өтеді. Мәселен, 10-15 жас аралығындағы балалар арасында 1,2 (3 айналым), 16 жастан жоғары жасөспірімдер үшін 3 км (8 айналым). Балаларға қатысу тегін. Алғашқы тіркелген 10-15 жас аралығындағы 450 балаға, 16 жастан жоғары 700 жасөспірімге естелік медальдар беріледі. Ал, ересектер арасында онлайн жүгіруді аптаның кез келген күнінде қатысушылардың қалауы бойынша 10, 21 және 42 км қашықтықта өткізу жоспарлануда", дейді Ринат Ибрагимов.
Қайырымдылық марафонынан жиналған қаражатты "Атырау – шағын мемлекет" қоғамдық бірлестігіне табыстау көзделіп отыр.