Тазалыққа үлгі болған отбасы

(0 Votes)

Жақында облыс орталығында «Таза Қазақстан: табиғатқа тағзым – үздіктерге алғыс» атты салтанатты жиын өтті. Шараның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында орман алқаптарын тазарту, өзен-көлдерді қалпына келтіру, ағаш отырғызу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісіне үлес қосып жүрген жандарды құрметтеу.

Бүгінде өңірде табиғатты аялауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Әрине, бұл тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі. Туған жерін көркейтуге ниетті жандар күнделікті тіршілігімен қатар, өз ортасын таза әрі жайлы етуге күш салып келеді. Осындай ұйымшыл топтар мен жанашыр азаматтардың арқасында «Таза Қазақстан» акциясы өңірде өз деңгейінде жүзеге асып отыр.Туған жерін көркейтуге үлес қосып жүрген сондай жандардың бірі – Тұщықұдық ауылының тұрғындары Есеевтер отбасы. Отағасы Теміржан Есеев пен отанасы Қаламқас Жұмағалиева үй айналасын ғана емес, кәсіпкерлік нысандарының да аумағын жасыл желекке айналдырып, әрдайым таза ұстап жүреді. Ауылдың ажарын арттыруға қосқан еңбектерімен олар туған жерге деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, ілкімді іспен дәлелдеп жүрген үлгілі жанұя.

Салтанатты жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ел болашағы үшін маңызды міндет екенін атап өтіп, кейіпкерлердің табиғатты қорғау ісінде белсенділік танытқан 15 азаматқа Алғыс хат табыстады.Құрметке бөленгендердің қатарында Теміржан Есеевтің отбасы да бар. Олар сол күні «Эко отбасы» номинациясын иеленді. Табиғатты қорғау – ең жоғары мәдениеттің белгісі. Біз кейіпкерімізбен сөйлескенде, оның сөзінен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік пен жанашырлықты анық байқағанын жеткізді. Бізде жерлестерімізбен байланысып, сөзге тартқан едік.

– Үй ауласын көгалдан-дыруды міндет ретінде емес, жүректен шыққан ықылас деп білеміз. Табиғатты күту – бір күндік емес, күнделікті тәрбие мен дағдының нәтижесі. Біздің жасап жүргеніміз – осы ауылға, осы өңірге деген сүйіспеншілігіміздің шағын ғана үлесі. Еңбегімізді бағалап жатқан жандарға алғыс айтамын. Табиғатты қорғау – әр адамның борышы. Егер әр отбасы өз ауласын таза ұстап, бір түп ағаш ексе, жеріміздің ажары бұрынғыдан да көркейе түседі деп ойлаймын,-деді Теміржан аға бізбен болған әңгімесінде.

Иә, өзіңді сыйлау мен өзгеге құрмет көрсетудің бастауы – тазалық. Ал тазалық ең алдымен әр үйдің кішкентай ауласынан басталса, нұр үстіне нұр. Бүгінде Теміржан аға мен Қаламқас апа сынды туған жеріне жанашыр жандардың еңбегі еленіп, көпшілікке үлгі болып отыр. Осындай еңбекқор, туған жерін сүйетін отбасылардың қатары көбейе берсін, мерейлері әрдайым үстем болғай.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT