Еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнін биыл Түркияда тұратын қандастарымызбен бірге қарсы алудың сәті түсті.
Түркияның тарихи астанасы – Ыстамбұл қаласындағы «Қазақ-түркілер» қоғамдастығы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Бабалар аңсаған –Тәуелсіздік: бүгін және болашақ» атты конференцияға қазақ елінен бір топ делегат қатысты. Ондағы мақсат Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында жарияланған ұлт мәдениеті мен тарихи құндылықтарымызды екшеп, өркениет көшіне ілестіруді қолға алған еліміздің ұстанымын қандастарымызға жеткізу, түркі әлемімен бөлісу болатын. Жобаның жүзеге асуына Атырау телеарнасының журналисі Ләззәт Өтепова ұйытқы болса, топты бастап барған облысымыздағы «Елсана» руханият клубының төрағасы Нұржан Ермұханов, «Жерұйық» мәдениет орталығы қоғамдық қорының директоры Нұрберген Дәулетовтың қолдауымен ұлттық қолөнерімізді дәріптеп жүрген этнодизайнер, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада, атыраулық өнерпаз, дәстүрлі ән орындаушы Берік Амантаев түркі еліндегі қазақ диаспорасына атажұрттың сәлемін жеткізді.
Жиында алғаш сөз алған «Қазақ - түркілер» қоғамдастығының басшысы Фазл Топлы барша қатысушыларды қазақ елінің маңызды мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мерекелік лебізін алыстан ат терлетіп келіп, қандастарымен қауышқан топқа алғысын білдірумен жалғады. Ұлтқа деген жанашырлықпен атажұрттың аманатын арқалаған азаматтардың бұл сапары Түркиядағы қазақ диаспорасын серпілтіп, мерекелік шарада бас қосуға деген ықыласы көңіл қуантты. Бұл күні Ыстамбулдағы Зейтінбұрну ауданында көп шоғырланған қазақ қандастарымыздың баршасы қазақ елінің тәуелсіздігі мерекесіне арналған жиыннан табылды.
Мінберден қазақ елінің сәлемін жеткізген топ басшысы Нұржан Ермұханов егемен еліміздің ертеңіне деген зор сеніммен ұлық мерекенің маңызын тарқатты. Тұрақтылығы мен бір шаңырақ астында көпұлтты ұйыстырған ынтымағы жарасты мемлекеттің айбыны асқақ, рухы мықты ел болып қалыптасуы бабалар аңсаған азаттықтың жемісі екенін жадылады. Мұнан соң атажұрттың сәлемін алып келген топ мүшесі, Қоғамдық тану «Аманат» сыйлығының Құрметті елшісі Ырза Тұрсынзада «Қазақ - түркілер» қоғамдастығының басшысы Фазл Топлы мен осы күні Түркия еліне арнайы келген Лондондағы қазақ диаспорасының төрағасы Әбдусәлім Сабаш мырзаны сахна төріне құрметпен шақырып, «Аманат» төсбелгісін табыстады. Омырауларына қазақ елінің символын жарқыратқан қандастарымызды рухтандырған төсбелгінің салмағы мен жауапкершілігін ұғынған азаматтар Президентіміз Н.Назарбаевтың саяси аренадағы орыны, мемлекеттің беделі мен берекесін тоғыстырған ізгі қадамдарына сәттілік тілеп, әрдайым Қазақстанның өркендей беретініне зор сеніммен тілектерін қосты.
Жиын барысында түркиядағы қазақтардың биік рухын танытып жүрген қандасымыз, түрік елінде 58 фильмге түскен, қазақтың «Жаужүрек мың бала» фильмінде қалмақтың рөлін сомдаған актер Бахадүр Хакімге «Жерұйық» мәдениет орталығы қоғамдық қорының директоры Нұрберген Дәулетов Атырау өңіріндегі тарихи аңызды тарқатып, «Алтын қайық» сиволын танытатын естелік сыйлығын құрметпен табыстады.
Түркияда 20 мың қазақ тұрады
Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейінгі тарихы таныстырылып, көшпенді елдің санасында ұлт рухының қайсарлығы, діні мен тілін сақтап қалу жолында бодандықтың құрсауында талай ғасырды өткергені шараға қатысушылардың зейінін аудартты. Осылайша, Ауғанстан, Иран асып, Үндістанды паналаған қандастарымыздың Алтайдан Анадолыға дейінгі сапары ұлтты сақтап қалу мақсатындағы бабалардың жолын айқындап берді. Көрермендер Атырау телеарнасы түсірген «Қандастар» фильмін тамашалап, бабалар тарихы туралы кеңінен түсінік қалыптастыруға мүмкіндік алды. Көшпенділер заманында Түркияға 1800 қазақ табан тіреген екен. Бүгінде олардың саны 20 мыңға жеткен. Қандастарымыз түбі бір түркілердің қамқорлығына бөленіп, ұрпақ жалғастырып отырғанына шүкіршілік қылады. Ата-бабаларының мұсылман елін паналап, ұлтының дінін сақтауда имани жүрекпен ділін қалыптастыруы кейінгі ұрпаққа қалдырар аманаты. Алайда, оларға аға ұрпақтың үйретіп кеткен ана тілін ауызекі қолданыста ұғынғанымен, бүгінгі жастардың қазақ тілін жалғастырып алып кететініне күмәнмен қарайды. Себебі, бір тілді, бір дінді ұстанған мемлекетте қазақ мектебі жоқ. Қоғамдастық басшылары болашақта түркі елінде өмір сүріп жатырған қазақтарға қазақ тілін үйрететін мамандармен байланыс жасап, ұрпағының ұлт тілін ұмытпауына жағдай жасауды көздеп отыр. Соңғы уақытта Қазақстан - Ыстамбұл консулдығының басшылығына Бауыржан Абдрахманов келгелі көптен бері шешімін таппай келетін қажылыққа квота бөлу мүмкіншілігіне жол ашылғанын қуанышпен жеткізді. Түркі елінде туып-өскен қандастарымыздың атажұртқа алаңдап тұратыны аңғарылды. Қазақстанның тыныс-тірлігімен танысып, егеменді елдің жетістігіне сүйсініп, тілеулес болып отыратын пейілдерінен ұлттық болмысымыздың нышанын сезгендейміз.
«Бейбітшілік кілемі»
Түркия төрінде ілінді Тәуелсіздік мерекесіне арналған шара қонақтары қазақтың қолөнерін дәріптеп, ұлттық нақышты ұрпаққа мұра ғып қалдыруда зор еңбек сіңіріп жүрген қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың көрмесі ұйымдастырылды. Қолөнершінің Елбасы тұсауын кескен жұмысы «Бейбітшілік кілемі» алғаш рет шет мемлекетке шығарылу жоспарымен Түркияның Ыстамбұл қаласы халқының көзайымы болды. Әрине, түрлі ұлттың ою-өрнегі, өзіндік табиғи болмысынан сыр ұқтырар дүниені топтастырған кілемнің бірнеше бөлігін ғана көрмеге апарудың мүмкіндігі табылды. Бұдан бөлек құрақ құрап, кестеленген көрпе, көпшіктерге өзіндік әр беруде қолөнершінің шеберлікпен үйлесім тапқан дүниелері ұлттық құндылықтарымызды суреттеп, көрме тамашалаушы көпті үйірді. Қолөнершінің көмекшісі Надира Бисебаева көрерменді көрмеге қойылған әрбір еңбектің тарихымен таныстырып, ұлттық өрнектің сырымен бөлісті. «Елсана» руханият клубының мүшелері қолөнершінің көшпелі көрмесін Ыстамбұлдағы кәсіптік лицей фоэсінде жалғастырды. Оқу орынының директоры Омер Юксел қазақ елінен келген топты жылы қарсы алды. Ондағы 100-ден астам жасөспірім қыздың ұлттық өнеріміздің сырын ұғуға қызығушылығы оянды. Ы.Тұрсынзада шеберлік класын өткізіп, құрақ тігу технологиясы туралы кеңес берді.
Бір секундта екі миллион адам сайтты қарайды
Халықтың айнасы – бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысымен танысу барысында еңселі ғимаратта орналасқан «Ықылас» хабар агенттігі медиа-холдингке бас сұққанымызда телерадио, газет басылымдары, ғаламтор желісінде онлайн кестемен кең ауқымда хабарлар таратуда. Біз заманауи технология жетістіктерімен жабдықталған бөлмелерде журналистердің шығармашылығына оңтайлы жағдай туғызу мүмкіншілігі мол екеніне көз жеткіздік. Бүгінде 80 мемлекетке жедел желіде хабар жеткізіп отырған холдингтің жұмысы креативті жүйе қалыптастырғаны байқалады. Ал әлеуметтік желідегі жеделділікке келер болсақ, бір секундта екі миллион адам сайт жаңалықтарымен бөлісіп үлгеретіні таңқалдырды.
Есіктен енгеннен бізді холдингтің жауапты қызметкері Асан Сарчичек бастап, бірнеше кездесулер өткізуге мүмкіншілік жасаумен қатар, қазақ елінің жаңалықтарымен бөлісіп отыратындарын жеткізді. Холдингте тәжірибелі жазушы, тарихшы қарт Ысмайыл Жақсы(ISMAIL YAGCI) шығармашылық ұжымға ақыл-кеңесін беріп, кейінгі буынның қатаюына жол салып келетінімен таныс болдық. Тарихшы қарттың ақпарат тарату саласында ұзақ жылғы еңбегі бүгінгі қаттаулы тарихты томдап, әлі де қажыр-қайратын елі үшін еңбек етуге арнап келетінімен тәнті етті.
Қоғамдастық мүддесі – ұлт тағдыры
Ыстамбұлдағы «Ататүрік» әуежайынан «Қазақ-түркілер» қоғамдастығы бірлестігінің басшысы Фазл Топлы мырза бастаған қандастарымыз қазақ елінен барған делегацияны құшақ-құшақ гүлдерін ұсынып, ыстық ықыласпен қарсы алған сәттен бастап, қазақ тілінде шүйіркелесе кетуі бізді шет мемлекетте жүргенімізді ұмыттырды. Түркияда қазақ тілін үйренуге арнайы мектеп, оқу орталықтары болмағанымен, ата-аналарының үйретіп кеткен отбасындағы қарым-қатынастың нәтижесінде өз тіліне деген құрмет аға буындағы азаматтардың еншісінде қалыптасқан. Сондықтан, кейінгі жастардың тағдырына алаңдаған қандастарымыз мүмкіндігінше ұлттық салт-сананы, дәстүр сабақтастығын жалғайтын болмыс-бітімді келер ұрпаққа жеткізуді қалайды.
«Біз қазақ тілінде әңгіме-сұхбат өрбіген жерде елеңдей қалып, іш тартамыз. Сіздермен кездескелі өз тілімізде әңгімелесіп, рухани дәстүр-салтымызға шөлімізді басқандай, төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалды», - деп ақтарыла әңгіме сабақтады бірлестіктің басшысы. Қоғамдастық жұмысын жүзеге асыруға атсалысып жүрген жандар қатарында Әбілай Қылыш, Анар Әуелханқызы, Селим Ихсанұлы, Суна Дүзәнле, Махмут Сәуірғазы сында азаматтардың белсенділіктері ұлт тағдырына жанашырлық көзқарастарын танытты.
Түркиядағы қазақ қоғамының мүддесін көздеген бірлестік 1986 жылы құрылып, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу мақсатында жұмыстанып келеді екен. Сол елдегі қандастарымыз ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, мәдениетін, дәстүрін үйретуді қолға алып, домбыра курсын ашып, 12 мүшесі бар фальклорлық ансамбль құрып, олардың материалдық-техникалық базасын жасақтау істеріне де ден қойған.
Қоғамдастық кеңсесіне келгенімізде төрде Қазақ елінің Президенті Н.Назарбаевтың суреті, көк байрағымыз бен қазақ батырларының нар тұлғалы бейнесіне көз тоқтаттық. Бірлестік басшысы Фазл Топлы атасынан қалған жәдігер – күміспен күптелген қайыс белдікті көрсетіп, көзайым етті. Зергерлік өнердің туындысы - бүгінде отбасылық жәдігерді атадан балаға мұра боп қалған тәбәріктей сақтап келетін дүниенің тарихымен таныстыруы ұлт санасында қалыптасқан ұлағатты дерек деп ұғындық. Бірнеше меморандумдарға қол қойған «Елсана» руханият клубының мүшелері екі ел арасындағы байланысты нығайту мақсатында болашақ жоспарларымен бөлісіп, іскерлік келісімдер жасады.
Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.
Мақат-Ыстамбұл-Мақат.