"Құрметті жолаушылар! «Алматы-Атырау» бағытындағы жүрдек пойыз бірінші жолға келіп тоқтайды!"-деген хабарлама бұл жолы Мақат теміржол вокзалына жиылғандардың жүрегін ерекше толқытты.
Себебі сәлден кейін бұл пойызбен бірге ауданымызға алғаш рет ел чемпионатынан еркін күрестің алтын жүлдесі келеді. Ерболдың сыныптастары, алтын ұя мектебіндегі ұстаздары мен спорт тәлімгерлері, достары, бауырлары бәрі-бәрі осында жиылған.
Ауданымыздан алғаш рет еркін күрестен ел чемпионы атанған Ербол Маратұлын ауылдастары дәл осылай тікесінен тік тұрып қарсы алды. Ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, жеңімпазымызға ақ ұсынылды. Мақат кенті әкімі Ербол Қонысбайұлы өзінің аттасына толағай табыстар тілеп, мұнайлы мекеннің чемпиондардан кенде емес екенін тілге тиек етті. Өлкетанушы Орақ Деңгелбаев атамыз да чемпионға ақ батасын беріп, бұдан да биік шыңдардан көрінуіне тілектестік білдірді.
Естеріңізге сала кетейік 7-9 наурыз күндері Шымкент қаласында өткен 2007-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында Ербол Маратұлы еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионы атанған еді. Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мақтанышына айналған жерлесіміз бүгінде облыстық олимпиадалық даярлау орталығының оқушысы.
Жас жүрегі алабыртқан жеңімпазбен азды кем-сұқбаттасудың реті келді. "Жарыс тартысқа толы болды. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылардың осалы жоқ. Әркім өз облысына чемпион атанып барғысы келеді ғой. Төрт кездесу өткіздім, финалда шығыс қазақстандық палуанмен кездестім. Маған дәл осылай қолдау танытқан барша жерлестеріме үлкен алғыс айтамын",-дейді Ербол Маратұлы.
А.САДЫҚОВ