Ала доп қуған ардагерлер

(0 Votes)

Футзал спорты жақсы дамыған ауданымызда аяқдоп десе ішкен асын жерге қоятын ақсақалдарымыз да бар. Олардың жастары алпыстан асса да, жасыл алаңға шығуға деген қызығушылықтары бәсеңдеген емес. Әсіресе аталған жас өкілдері бойынша доссорлық ардагерлер бір команда құрап, сайыстарға қатысып жүр.

«Облыстық деңгейде дәл біздің жас категориямызға арналған әуесқойлар лигасы жоқ. Тек кейде 50-ден асқандармен қосылып ойнайтын мүмкіндік туады. Бірақ, әрине өз қатарластарыңмен ойнағанның жөні бөлек», - дейді Дүйсенбай Тұрғанов.
Жергілікті жерден қарсылас таба бермейтін олар тәуекелге бел буып, 25 маусым мен 1 шілде күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен мини-футболдан ардагерлер арасындағы алғашқы Қазақстан Республикасының чемпионатына (60+) қатысуға бел буады. Ең үздік деген 12 команданың қатарында жарысқа түскен жерлестеріміз өз топтарында қос жергілікті командаға жол беріп, топтан шыға алмай қалса да, аудан, облыс намысын абыроймен қорғады. Олай демегенде ше, өткізген үш кездесулерінің біреуінде жеңіп, біреуінде тең түсіп, біреуінде ғана есе жіберіп алды.
Айта кететіні, елордада «Доссор» командасының сапында өнер көрсеткен 11 ойыншының үшеуі Доссор кентінің тұрғыны болса, үшеуі тумасы. Олар: Жұмажан Күншығаров, Дүйсенбай Тұрғанов, Серік Бисекенов, Нұрлан Қуанышев, Артём Бекқалиев және Серік Қайырғалиев.
«Біздің Нұр-Сұлтан қаласына барып келуімізге қол ұшын берген аудан әкіміне, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, сонымен қатар Ерболат Жетібаев, Нұрлан Қуанышев атты ауданымыздың азаматтарына алғысымызды айтамыз», - дейді команда капитаны Жұмажан Күншығаров.
Салауатты өмір салтын жанына серік еткен ағаларымыздың жетпістің жетегіне жеткендегі жетістіктеріне де қуанып отыратын күн бұйырсын!


А.Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521