Қалыпты өмірге қайта қадам басудың жалғыз жолы екпе алу. Әбігерге салған аты жаман ауруға заманауи медицинаның қайтарған жауабы әзірге осы ғана.
Бұл ретте ауданымызда жылжымалы екпе пунктінің жолға шыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталмыш кешен аптаның сейсенбісінде Бәйгетөбе ауылына қарай бет түзеді. Ауыл тұрғындары да арнайы келген ақ халаттыларға дән риза.
Бұған дейін екпе алуға ерініп жүрді ме, әлде әрекетін ой елегінен өткізуді жөн көрді ме әйтеуір вакцинация жасауға жиылғандардың қарасы қалың болды. 20 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алса, бес адам екінші кезеңін қабылдады.
Округ әкімшілігі бұнымен ғана шектелмей екпе алудың ең тиімді әдіс екенін тұрғындарға түсіндіріп бағуда. Екпе алғандардың қатарында ауыл ақсақалы Ерғазы Жоламанов та бар. Атамыз аядай ауылға таяуда ғана табан тіреген денсаулық министрі А.Цоймен тілдесіп, дәл осы екпе төңірегінде әңгіме өрбіткен еді.
"Министрдің өзі ауруды ауыздықтаудың әзірге басқа жолы жоқ екенін жеткізді. "Тіпті АҚШ, Израиль секілді медицинасы қарқынды дамыған елдердің өзі екпеге жүгініп отыр",-деген еді. Міне мен де өз сөзіме тұрып, екпе қабылдадым. Арада бір тәулік өтсе де ешқандай жағымсыз әсерін байқамадым. Дене қызуым да бір қалыпты. Сондықтан барша жерлестерімді қорықпай екпе алуға шақырамын",-дейді Ерғазы атамыз.
А.САДЫКОВ