Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Суық түсісімен тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі зор. Сондықтан да бұл індеттің алдын алу мақсатында аудандағы барлық емханаларда тұмауға қарсы екпе жұмыстары 15 қыркүйектен бастау алды.
Биыл тұмау коронавируспен асқынуы мүмкін, осыған байланысты мамандар алдын ала денсаулыққа мән беру қажеттігін ескертеді. Тәуекел тобына жататын азаматтар үшін ауданға тегін 3000 дана вакцина жеткізілген. Тегін вакцина алты айдан асқан балаларға, жүкті әйелдерге, медициналық қызметкерлерге және созылмалы аурумен диспансерлік есепте тұрған науқастарға, жасы алпыстан асқан егде адамдарға салынады.
Аудан бойынша вакцинациямен 261 медициналық қызметкер, 345 диспансерлік тіркеуде тұрған бала, 554 жиі ауыратын 6 айдан асқан бала, екінші немесе үшінші кезеңдегі жүктілігі бар 193 әйел, 60-тан асқан 453 қарт, созылмалы аурумен тіркеуде тұрған 1194 адам қамтылады деп жоспарланып отыр. Осы санаттарға жататын кез келген адам өзі тіркелген ауруханасына барып тегін салдыра алады.
«Тұрғындарға Ресейде өндірілген “Гриппол плюс” екпесі егілетін болады. Аталған екпеде А және В түріндегі вирустарына қарсы инактивтендірілген антигендер бар. Дәл осылар алдағы эпидемиялық маусымда қауіпті болады деп болжануда. Сондықтан, екпені қорықпастан алуға болады», – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Тоғаева.
Ауданның бас санитар дәрігері тұмау мен пневмония қатар келсе, өте қауіпті болатынын айтып, тұрғындарды сақтануға шақырды.
«Аурудың алдын алудағы тиімді тәсіл – екпе жүргізу. Тұмаудан қалыптасқан иммунитет уақыт өте келе әлсірей бастайды. Сондықтан жыл сайын екпе егу ұсынылады. Тұмауға қарсы екпе алу үшін тіркелу орнына жүгіну қажет», – деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бас санитарлық дәрігер тамақ ауыру, әлсіздік, түшкіру, ыстық көтерілу секілді тұмаудың алғашқы белгілері білінген бойда жергілікті емханаға қаралуға кеңес береді. Себебі, күн суытқан мезгілде вирустық жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз