Аурудың алдын алатын төте жолдан тартынып қалмаңыз!

(0 Votes)

Вакцина  - біздің санамызға бүгін ғана еніп жатқан бейтаныс ұғым емес. Адамзат бұған дейін де басына төнген бірнеше дерттің бетін дәл осы екпе арқылы қайтарған. Төрткүл дүниенің төбесінен төніп, әлемге үрей сыйлаған тәжтажалдың да ауыздықталатын кезі алыс емес-ау? Ақ халаттылардың ырқына көнбей, ғалымдардың өзін әбден әбігерге түсірген аты жаман ауруға төтеп беретін жалғыз жол әзірге екпе қабылдау болып тұр.

Бүгінде  ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеудің  әлдеқайда тиімді екенін әсіресе бұған дейін "бір аунап тұрғандар жақсы түсінеді".

Аудан бойынша  коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау ақпан айының үшінші жұлдызынан  басталғаны белгілі. Аудандық аурухананың эпидемиологы Г.Төлепованың айтуынша, қазіргі таңға дейін аудан бойынша 383 адам өз еркімен вакцина алған екен."Барлығының жағдайы бір қалыпты, екпе қабылдаған тұрғындар арасынан  ешқандай шағым тіркелген жоқ",-дейді дәрігер. 

Арасына 21 күн салынып екі этап бойынша алынатын екпені алғаш болып жұртшылықпен тығыз байланыс жасап жүрген медицина қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері , сондай-ақ, ұстаздар қауымы мен мемлекеттік қызметшілер алған еді. Ал "сәуір айының 3-ші жұлдызынан бастап жаппай халыққа тұрғылықты жеріне, жұмыс орнына қарамастан, вакцинациялау жүргізілуде",- дейді орталық аурухана мамандары.

Ақпан айында әкелінген ресейлік "Спутник  V" вакцинасының 450 дозасының бүгінде барлығы дерлік салынған. Бастысы  жетіспей қалады-ау деген уайымға жол жоқ. Вакцина дозалары әлі де әкелінетін болады. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздің әрбір 20-сыншы тұрғыны екпе алып үлгерген екен. Осы тұста біз екпе алғанға дейін және алынғаннан кейін нені ескеруіміз керек деген сауалдардың жауабын тағы бір пысықтап өттік.

Жалпы, біздің иммунитетіміз екі нәрсеге негізделеді. Біріншісі - антиденелер, екіншісі -Т клеткалары. Оны тест көрсетпейді.  Мысалы, ағзадағы антиденелер 0 ал, Т клеткалары мықты болуы мүмкін. Бұл иммунитеттің өте жақсы екенін көрсетеді. Ал, кейде антиденелер көп, Т клеткалары аз болады. Бірақ антиденелер ағзаңызды коронавирустан толық қорғайды деген сөз емес. Сондықтан вакцина салдырған дұрыс. 18 жасқа толмағандар, белокқа аллергиясы бар адамдар, бала емізіп жүргендер немесе жүкті әйелдер екпе салдырмайды.

Сонымен қатар, онкологиялық және созылмалы аурулары бар азаматтарға да вакцинаны алуға болмайды. COVID-19 бен ауырғандар тек 6 айдан кейін ғана вакцина қабылдай алады. Жалпы зерттеулерге сай вакцинадан кейін ковидке қарсы төтеп беретін анти денелер 42 күнде қалыптасады.Сондықтан екпе жасаттым деп сақтық шараларын елемей жүруге жөн жоқ. Вакцина салдырғаннан коронавируспен ауру мүмкін бе деген сауалға келетін болсақ, вакцинаның құрамында тірі қоздырғыш болмағандықтан, вакцинадан ауру мүмкін емес. "Бұнда С белогының гені ғана болғандықтан, ол ауру тудыруы мүмкін емес",-дейді мамандар. Ал екпе алынғаннан кейінгі денедегі қызудың көтерілуі, бастың ауыруы, екпе алған жердің ісінуі, денені ауырсыну секілді белгілер - қалыпты жағдай.  Екпе алған жерге екі күн су тигізбеуді бала кезден білсек те, қаперден шығармауымыз тиіс. Алкогольді ішімдіктер мен сауна, монша секілді жерге бармауды дәрігер де ескертеді. Әрі стрестік жағдайлардан аулақ жүріңіз. Ең бастысы, екпенің жанама әсерінен емес, коронавирус жұқтырып ауырып қалудан қорқу керек!


А.САДЫКОВ

Сурет: ашық дереккөз

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521