Аудандық мәдениет үйінде "Ұстазым - ұлағатым, үлгі өнегем!" атты аудандық ұстаздар күніне арналған мерекелік кеш өтті.
Қадірменді ұстаздардың құрметіне төселген қызыл кілемнің қос қапталына бойлай тізілген оқушылар, аяулы ұстаздарын құшақ толы қызыл-жасылды гүлдерімен, балғын үндерімен бірауыздан "құттықтаймыз!" деп қарсы алды.
Жиын алдында тағылымдық мәні зор, ұстаздарды адалдыққа, шәкірттерді тәртіпке үндейтін қысқа метражды фильм, сонымен қатар Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов және Б.Тұрыс, Д.Ақмолда, Д.Құдайберген және т.б ҚР еңбек сіңірген қоғам және өнер қайраткерлерінің видео құттықтаулары көрсетілді.
Ұлағатты жандарға жылы лебізі мен ақ тілегін білдіру үшін алдымен сахна төріне аудан әкімі Ш.Кейкин көтерілді. Заман талабына сай үнемі жаңартуды қажет ететін бұл саланың ардақты тұлғаларын - бала жүрегіне жол табатын жалғыз жан ретінде балаған аудан басшысы олардың еңбегіне мемлекет және қоғам тарапынан шынайы құрметке лайық деп баға берді. Сонымен қатар, алты сағатын мектепте, қалған он сегіз сағатын үйінде өткізетін оқушының ауыртпашылығын көтеру ата-аналардың да міндеті екенін алға тартты.
Салтанатты шарада аудан әкімі бір топ ұстаздарды тәуелсіз қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Атырау облысы білім беру басқармасының "Құрмет грамотасымен" және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, барлық ұстаздардың осындай құрметке лайық екенін атап өтті.
"Жалпы білім ұяларына қаражат бөлуден ел бойынша біздің облысымыз бірінші орында. Сондықтан да білім сапасы бойынша да алдыңғы орында тұруымыз керек" деген облыс әкімінің сөзін басшылыққа алған Ш.Кейкинұлы аудан ұстаздарына шәкірттерінің республикалық деңгейдегі додаларда топ жаруына тілектестік білдірді.
Әрі қарай аудандық мәслихатының алғыс хатын табыстау үшін сөз алған мәслихат хатшысы Қ.Исмагулов ең қадірлі әрі аса жауапты маман иелерін аудандық мәслихат аппараты мен депутаттар корпусының атынан мерекелерімен құттықтады. "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Ермағамбетов ұлағатты істің басында жүретін мәртебелі жандарды партияның алғыс хатынан шет қалдырмады. Аяулы әріптестеріне "Ақ жағасының кірлемей, кең дүниенің кемшілігін көрмеуді" тілеген аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Абдолов өзі басқаратын саланың атынан бір топ ұстаздарға Құрмет грамотасын табыстады.
Мерекелік кеште Б.Қанатбаев, М.Баймұханов, Л.Шахатов атындағы орта мектептердің оқушылары өнерлерін ортаға салса, Мақат балалар өнер мектебінің бишілер тобымен мектеп туралы композиция сахналанды.
Ардагер ұстаздар да сөз алды. Өнегелі ісі мен ізі өскелең ұрпақпен жалғасып жатқанына қуанышты екенін жасырмаған зейнеткер ұстаздар жиындағылардың баршасына толағай табыстар тіледі.
Кештің көркін кіргізіп "Мақат түнін" әндеткен С.Жалмұханова көпшіліктің қошеметіне бөленіп, шәкірттер атынан Қ.Әкімгерей "Ұстаздарға мың алғыс!" әнімен шараны қорытындылады.
А.Садыков,
суреттер автордікі