Л.Шахатов атындағы орта мектепте Атырау облысы Дін істері басқармасы "Ақпараттық талдау орталығының" ұйымдастыруымен "Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы" тақырыбында оқушылар арасында шығарма жазу байқауы өтті.
Қоғамдағы деструктивтік діни ағымдардың таралуының алдын алу, сондай-ақ, жастар ортасында қазақ халқының дәстүріне және мәдени мұрасына сәйкес сананы қалыптастыруды көздеген шара ұйымдастырушылары үздік деген шығармалардың әрі қарай облыстық деңгейге жол тартатынын жеткізді. Алдымен Ақпараттық талдау орталығының маманы Р.Алиева қатысушыларға байқау ережелері мен шарттарын түсіндіріп өтті.
Өз бағын сынаушылар "Ұлттық тәрбие - ұлт болашағы", "Дінаралық келісім - ел дамуының кепілі", "Ұлттық құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы" және "Дін мен дәстүр бірлігі - ұлт болашағының кепілі" атты тақырыптарды шығармасына арқау етті. Шығармалар тексеріліп, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, бірінші орынды М.Баймұқанов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Орынгүл Ғарифоллаева иеленсе, екінші орын тұғырынан да осы мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Утешова табылды. Ал Л.Шахатов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Толқын Рзабек үздік үштікті түйіндеді.
А.Садыков