Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының аяқталуы және осыған байланысты еліміз бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады.
«Биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала бітіреді. Мектеп бітірушілер саны – 217 мың. “Алтын белгіге” үміткерлер саны алдыңғы жылдардағыдай 5%-дан аспайды», — деді министр.
Оның айтуынша, оқу жылын «Білім – Отаным» бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар педагогикалық кеңестің шешімі бойынша мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» 23 немесе 24 мамырға жоспарланған.
Аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 18-20 маусымға белгіленді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 16 маусымға дейінгі аралықта өткізіледі.