«Робототехника», «Анатомия», «Видеография», «Ағашпен жұмыс», «ЭкоLAB» курстары бойынша ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысу арқылы, оқушылар STEAM білімнің маңызы, мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат алды.
Дильназ Қуанышқали – Махамбет ауданындағы Оңай Шонаев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы. Ол өзіне «Анатомия» курсы бойынша өткен шеберлік сағатының ерекше ұнағанын айтты.
«Болашақта нақты қандай маман иесі болатынымды әлі шеше қоймадым. Дегенмен, анатомия бағытындағы білімімді одан әрі арттырғым келеді. Сондықтан, жазғы демалыс кезінде JasSpace кеңістігіне келіп, курстардан өтуді жоспарлап отырмын» дейді Дильназ Қуанышқали.
Кемел Жұбанов – Индер ауданына қарасты Есбол ауылындағы Есбол орта мектебінің 9 сынып оқушысы.
«Маған барлық курстар ұнады. Соның ішінде, «Видеография» курсында телефонды тиімді пайдалану, видео түсіру бойынша көптеген құнды ақпараттар алдым. Және әлеуметтік желіде сапалы контент құруға байланысты маңызды мәліметтерге қанықтым. Осындай үлкен мүмкіндіктер алаңын ұсынған JasSpace кеңістігіне алғысымды білдіремін. Себебі, көптеген идеялар, мақсаттар пайда болды» дейді Индер ауданынан келген оқушы Кемел Жұбанов.
Ақтоты Зәки Махамбет ауданындағы Қ. Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің өкілі. Ұстаз шеберлік сағаттарының жоғары деңгейде өткенін айтты.
«Аудан, ауыл балаларына осындай үлкен мүмкіндікті көрсетіп отырған JasSpace кеңістігіне және Дарын орталығына адами алғысымды айтамын. Заманауи форматта жабдықталған кеңістік оқушының қызығушылығын арттырып отыр. Оқушыларымның көпшілігі жазғы демалыс кезінде, осы кеңістікке келіп курстарға қатысуды жоспарлап отыр» дейді Ақтоты Зәки.
Еске сала кетелік, Шеврон компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып жатқан «Атырау жастарын дамыту бастамасы» аясында JasSpace кеңістігінде өткен жылдың қыркүйек айында оқушыларға арналған STEAM курстар басталды. «Жазғы мектеп» лагеріне қатысқандарды қоса алғанда, күні бүгінге дейін 1000-нан астам оқушы кеңістікте интеграцияланған STEAM курстары бойынша білім алып шықты.