«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының ауа райын болжау бөлімінің басшысы Аина Казгулованың айтуынша, арктикалық антициклон әсерінен облыста алдағы 3 күнде жауын-шашынсыз және аязды ауа райы күтіледі.
- Атырау облысында ауа температурасы күндіз -18, -23 °C, түнде -22, -27 °C көрсетсе, солтүстіктен -26, -30 °C аяз күтілуде,-деді А.Казгулова.
Сондай-ақ облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Садуақасованың мәліметінше, ауа температурасының төмендеуіне байланысты облыс мектептеріндегі оқушылар қашықтықтан оқиды.
-10-11 қаңтар күндері 1-4 және 5-11 сыныптардың оқушылары on-line форматында қашықтықтан оқиды,-деді Г.Сәдуақасова.
Ал тұрғындарды жылумен қамтып отырған «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген температуралық график негізінде жұмыс істейді. Оның бекітілген жылу қуаты - 798 Гкал/сағ. Облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің мәліметінше, облыстағы жылу беру маусымының өтуінде мәселе жоқ.
- Қазіргі таңда облыстағы жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде. Облыс бойынша апаттық жағдайлардың алдын алу үшін қала, аудан әкімдерінің және мекемелердің жауапты техникалық қызметкерлерімен апаттық бригадалар бекітілді. Жалпы жылу беру маусымының өту барысы облыстық ведомоствоаралық комиссияның үнемі бақылауында,-деді С.Қанапин.
Бүгінгі таңда облыстағы 412 білім беру, 144 денсаулық сақтау нысандарына және 1798 көпқабытты тұрғын үйге, соның ішінде қаладағы 1224 көпқабатты тұрғын үйге толықтай жылу берілді.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі