Бақытгүл Хаменова Атырау облысындағы білім саласына қатысты өзекті мәселелерге жауап берді

(0 Votes)

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі сапалы білім беру болып саналады.

Елімізде орын алған пандемияға қарамастан өңірде білім саласы бірқатар жетістіктерге де ие болды. Аталған салаға қатысты ел арасында айтылып жүрген мәселелерде бар. Осыған орай, саланы бақылаушы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға бірқатар сұрақтарды қоюды жөн көрдік.

Бақытгүл Қайыржанқызы, Атырау қаласындағы №30 мектеп шатырындағы ақау халық арасында біраз талқыға түсті. Білім ордасына күрделі жөндеу жүргізіле ме?

Б.Хаменова (Атырау облысы әкімінің орынбасары):

- Атырау қаласындағы "Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназия" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2002 жылы пайдалануға берілген. Мектеп-гимназияның техникалық жағдайын тексеру үшін «Q-Эксперт» ЖШС-мен биыл келісім жасақталды. Аталған мекеме тарапынан жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша мектеп шатырында (төбесінде) күрделі жөндеуді қажет ететін ақаулар бар екені анықталған. Яғни, мектептің бетон төбесінің біраз бөлігінің қаптамалары ісінген. Техникалық қорытынды негізінде ЖСҚ (жөндеу-сметалық құжаттамасы) дайындалуда, соған сәйкес шатырға күрделі жөндеу жүргізіледі. Білім беру басқармасы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс жүргізілді. Мектеп басшысына "сөгіс" түрінде шара алынды. Мәселе қатаң бақылауда болады.

- Атырау облыстық Білім беру басқармасы басшының орынбасары сотталғаны белгілі. Басқарма басшысы Сатқан Есенғалиевқа қандай шара қолданылды?

Білім беру басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған Толғанай Көлбаева ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды және оған өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 74-бабы, 1-бөлігіне сәйкес Т.Көлбаеваның кішкентай балалары болуына байланысты тағайындалған жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді.Сот барысында ол өзіне тағылған айыпты толық мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеді. Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы С.Есенғалиев саяси мемлекеттік қызметші болмағандықтан отставкаға кетпейді. Ол әкімшілік мемлекеттік қызметкер санатындағы лауазым иесі болғандықтан, ол сот шешімі күшіне енгеннен кейін қолданыстағы заңнамалар шеңберінде "қатаң сөгіс" түрінде әкімшілік шараға тартылды.

- Өткен жылы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов білім саласындағы қордаланған мәселелерге байланысты шұғыл шара қабылдай отырып, Атырау облысының білім сапасын көтеруге негізделген Жол картасын жасақтауды тапсырған болатын. Жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтсаңыз.

-2021 жылғы сәуір айында аймақ басшысы М.Досмұхамбетовтың тікелей тапсырмасымен әзірленген «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Жол картасы Өңірдегі оқыту мен оқу жүйесіндегі түйінді мәселелер, сыртқы бағалау көрсеткіштерінің төмен деңгейіне байланысты облыс әкімдігі осындай шұғыл шешім қабылдады. бойынша алдымен проблемаларды анықтау үшін облыстың 50 мектебі кешенді түрде зерттеліп, жоба нысанына айналды. Зерттеу барысында белгілі болған түйінді мәселелер бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Функционалдық сауаттылық деңгейін бағалау мақсатымен 11 мыңға жуық оқушы, оқу жетістіктерін бағалау бойынша 4-8 сынып оқушылары онлайн тестілеуден өтті. Ауыл мектептерінің 800-ге жуық мұғалімі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған курста біліктіліктерін арттырды. 40 тренер АКТ құзыреттілікті дамытуға байланысты арнайы курстан өтті. Курс нәтижесінде 2 деңгейдегі арнайы бағдарлама жасақталып, 40 тренер арқылы облыстың 3600 мұғалімі 344 сағаттық курста біліктіліктерін көтерді. Жол картасы аясында балалар мен ата-аналар қарым қатынасына бағытталған "Оқушылардың саулығы" жобасына Атырау қаласындағы 16 мектеп енгізілді. Жобаға енген 16 мектеп қауіпсіз орта, ата-ана мен бала ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін "Берік отбасы" бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асатын Жол картасы облыс педагогтерінің кәсіби өсуі мен менеджмент шеберлігін арттыруға, олардың әлеуетін көтеруге жаңаша серпін береді деген сенімдеміз.

-2020-2021 оқу жылында пандемияға байланысты оқушылардың басым бөлігі қашықтықтан оқыту форматында білім алғанына қарамастан, бірқатар жеттіктердің болғандығын білеміз. Оқушыларымыздың жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

- Сапалы, жүйелі жұмыс міндетті түрде нәтиже береді. Өткен оқу жылында республикалық пәндік олимпиадалар байқауында Атырау облысы құрамасындағы 72 қатысушының 42-сі жүлделі орынға ие болып, облысымыз гуманитарлық бағыт бойынша жалпы есепте республикада бірінші орынды иеленді. Атыраулық «Білім-инновация» лицейі республика бойынша өзге 38 «Білім-инновация лицейлері» арасынан барлық көрсеткіштер бойынша І орынға шықты. Дәл осы «Білім-Инновация» лицейінің 11-класс оқушысы Айбек Мырзатай халықаралық математикалық олимпиадада (ІМО-2021) «Алтын медаль» және 10-класс оқушысы Ризабек Алпамыс физика олимпиадасында (IPhO-2021) «Күміс медаль» жеңіп алды. Дарынды балаларды қолдау мақсатында облыста «Жол картасы» электронды жүйесі енгізілуде. Жүйе жаңа оқу жылынан бастап облыстың 50 мектебіне қолданылуда. Мақсат – дарынды балаларды анықтау, оларды қолдаудың жоспарлы жүйесін қалыптастыру. Облыстық Білім беру басқармасына қарасты Таланттарды анықтау және қолдау орталығы тарапынан олимпиада резервін дайындау мақсатымен «1 пән - 1 оқушы – 1 нәтиже» жобасы қолға алынды. 7-кластан бастап оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындауды көздейтін бұл жобаның дарынды балаларды қолдауда, олимпиада көрсеткіштерін жоғарылатуда берері мол. Елімізде ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларды қолдау мен дамытуға бағытталған ұлттық ауқымдағы «Мың бала» және «Ел Үміті» бағдарламасының «Елбасы медалі» жобасына облыс оқушылары белсене қатысуда. Жүлдегерлерді дарынды балаларға арналған облыстық мектептерге қабылдау, басқа да қолдау бағытындағы жұмыстар қолға алынған.

-Мемлекет тарапынан соңғы жылдары Техникалық және кәсіптік білім беру саласына қандай қамқорлықтар жасалуда?

- Техникалық және кәсіптік білім беру саласына мемлекет тарапынан тамаша мүмкіндіктер беріліп отыр. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі 15 мыңнан астам студент «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында тегін білім алуда. Жоба жастардың алғашқы жұмысшы мамандығын алу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бүгінде колледждер жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне көшірілуде, «қаржы студенттің соңынан» ұстанымын жүзеге асыратын жаңашылдық талаптарына барлық Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары алдағы уақытта толық бейімделеді. Бұл саладағы басты аспект - дуалды оқытуды дамыту. Облыс колледждерінде бұл бағытта табысты үйлестірілген тәжірибе жетерлік. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап колледждерге академиялық еркіндік берілді. Яғни, білім беру ұйымы жұмыс берушілермен бірлесе отырып, заманға сай білім беру бағдарламаларын әзірлеп, кадрлар даярлайды. Бұдан бөлек заңнамалық деңгейде уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды. Бұл дегеніміз - кадрлардың еңбек нарығына жылдам араласуын қамтамасыз ету үшін оқыту ұзақтығы қысқартылады деген сөз. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейтін «Жас маман» жобасына облыстың 10 колледжі енгізілді. Құзыреттілік орталықтары, индустриялық кеңестер өз қызметін бастады. «Жас маман» жобасының негізгі мақсаты - білім берудің экожүйесін құру, колледж базасында WorldSkills чемпионатына жаттығу лагерлерін ашу, өндіріс орындарымен тікелей байланыс орната отырып, бизнестік орта құру, кәсіби бағдар беру және кәсіби өсу мектептерін ашу, мультифункционалды SMART орталықтарын, жастардың ғылыми технопарктерін құру. Мұндай оңды өзгерістер кәсіптік білімнің сапасын көтеріп, экономикамыздың қарқынды дамуына өзіндік үлесін қосады деп есептеймін.

- Сұқбатыңызға рақмет! Өңіріміздегі білім беру саласының дамуына үлес қосып отырған еңбектеріңіз елене берсін!

Айша Кенжемұратова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT