2025 жылғы Президент Жолдауы еліміздің даму бағытын жаңа сапалық деңгейге шығарды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның цифрлық трансформацияға бет бұрып, жасанды интеллект, озық технологиялар мен цифрлық экономиканы басты басымдықтардың біріне айналдыратынын нақты атап өтті. Бұл – уақыт талабы мен болашаққа бастар жолды дәл аңғарған көреген шешім.
Бүгінде цифрландыру тек мемлекеттік қызметтерді оңтайландырумен шектелмейді. Ол – экономиканың барлық саласына жан бітіреді, тиімділікті арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Инновацияға сүйенген экономикалық модель – әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің басты тірегі екенін жақсы білеміз. Сол себепті елімізде ғылыми-зерттеу орталықтарын дамыту, білікті ІТ-мамандар даярлау, өндіріс процестерін автоматтандыру – стратегиялық маңызды міндеттердің қатарына кіреді.
Президенттің бұл бастамасы – Қазақстанды жаһандық бәсекеде алға шығаратын берік тұғыр. Цифрлық даму – жай ғана үрдіс емес, бұл – ұлттың өркендеу кепілі. Сондықтан әрбір нақты қадам, әрбір батыл шешім – болашақтың табалдырығын нық басуға бастайтын сенімді серпін болмақ.
Мәлік Әнесұлы,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы