Атырау жастары «Шеврон» жобаларының қызығын көруде

(0 Votes)

«Шеврон» компаниясы еліміздің екі ірі мұнай-газ кен орны – Теңіз бен Қарашығанаққа инвестиция салған ірі жеке энергетикалық компания. Оның отандық экномикаға салған инвестицияларынан бөлек әлеуметтік жобаларының өзі бір төбе.

Индустрия саласының көшбасшысы бола отырып, «Шеврон» Қазақстанның болашағын құратын, орта мектептерде және университеттерде оқитын жас ұрпақтың инновациялық стартаптарына қолдау көрсетуді ұйғарды. Осылайша соңғы жылдары жүздеген жасөспірім бағдарламалау және әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері бойынша интерактивтік оқуларға қатысып, өздерінің стартаптары мен жұмыс орындарын құрып, ғылыми конкурстар мен фестивальдарға қатысты.

Біз бүгін «Шевронның» әлеуметтік жобалары туралы сөз қылмақпыз. Ол әлеуметтік бастамалары еліміздің әрбір тұрғыны мен қоғамдастығының шексіз әлеуетін ынталандыруға және ашуға бағытталған.

Мысалға, былтырғы оқу жылынан бастап Атырау қаласында жаңадан ашылған Абай орталығында балалар мен жастардың әлеуетін дамытуға арналған JasSpace бағдарламасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында 7-11 сынып оқушылары, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жастарды STEAM(ғылым,технология,инженерия,өнер,математика) бағыттары бойынша білім беріп, STEAM саласындағы кәсіптер кеңінен насихатталады.

Мамандықтардың соңғы онжылдықта тез өзгеруі және технологияның кейбір мамандықтарды алмастыруы STEAM бағытында білім берудің маңызын айқындайды. Сонымен қатар оқушылар күнделікті мәселелерді шешуде және мансап таңдауда әртүрлі ғылымдардан алған білімдерін интеграциялауды үйренеді. JasSpace кеңістігіндегі заманауи зертхана: STEAM аймағы, ғылым аймағы, медиа зертханасы, shop-bot, компьютерлік зертхана, амфитеатр аймағы, лаунж аймағы секілді 7 айммақтан тұрады. Олардың барлығы жаңа технологиямен жабдықталып, әсем безендірілген. Жоба маусым айындағы жазғы мектеп, шілде айындағы шеберлік сыныптары және тамыз айындағы біліктілік арттыру курстарымен өз жұмысын бастап кетті.

JasSpace кеңістігінің жоба координаторы Жанар Нұртілеуден білгеніміздей, жоба жүзеге асқалы нәтижелер көрсеткіші де жаман емес. Атап айтар болсақ, 273 оқушы 5 STEAM білім беру бағдарламасы оқытушыларға, 10 STEAM білім беру бағдарламасы оқушыларға арналып әзірленген, облыс бойынша 160 STEAM оқытушысы сертификатталған.

«Мамыр айында робототехника бойынша жарысқа оқушыларымды әкеліп, олар 2-3 орындарды қанжығаларына байлаған еді. Жазғы мектепке 2 оқушым барса, өзім арнайы шақыртумен тамыз айында біліктілікті арттыру бойынша курстан өттім. Курстың алғашқы кезеңі онлайн, кейінгі кезеңі оффлайн болды. Онлайн курста талдықорғандық білікті маманның арқасында STEAM жобасын жүргізу жөнінде көп мәлімет алдық. Оффлайн сабақтың кезінде тәжірибелі инженердің өзі дәріс берді. Біз алған білімнің барлығы болашақта өзімізге және оқушыларды жарысқа дайындау үішн керек-ақ. Робототехника деген қазір өте қарқынды дамығандықтан заман көшінен қалмау ұстаздардың міндеті. Абай орталығындағы Jaspeace кеңістігі қалалық балалар үшін өте керемет мүмкіндік деп білемін. Мектебіміізге STEAM кабинет келгелі әртүрлі жарыстардан қалмай, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрміз. Қазіргі таңда ғылыми жобалармен де жұмыс жасаудамыз», -дейді Доссор кентіндегі Б. Қанатбаев атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Назгүл Тұрғанова.

Ал атыраулық оқушы Рустам Жабағин: «Жаңа технологияның дамыған заманы болғандықтан болашақта замануи талаптарға сай білімді игеру мақсатында JasSpace бағдарламасына қатысқанмын.Бұл курста бізге өте білікті де білімді ұстаздар сабақ өткізді. Әсіресе биология пәні бойынша бананнан ДНҚ сараптамасын алу, ағаш кесу арқылы түрлі фигуралар жасауды үйрену бізге өте қызық болды. Сонымен бірге Arduino электрондық конструкторы арқылы бағдарламалауды меңгердік. Осы алған білімдерімізбен облыстық FIRST GLOBAL CHALLANGE тақырыбындағы сайысқа қатысып, республикалық сайысқа жолдама алдық. Бүгінгі осы курс бойынша «Жасыл ұрпақ бәйгесі» тақырыбындағы жобаға қатысудамыз», - деп оқудан алған әсерімен және алдағы уақытқа деген жоспарымен бөлісе кетті.

Шевронның ITeachMe инклюзивтік білім беру жобасы мүмкіндіктері шектеулі жастарды оқытуға бағытталған. Жобаға Қазақстанның барлық аймақтарынан келген азаматтар қатысты. Осы бірегей жоба мүмкіндігі шектеулі жастар мен дені сау балаларды біріктірді. Жоба басшыларының айтуынша, «жобаға қатысу олардың көбіүшін болашақ өмірге жол ашты. Бұл жерде олар бір-біріне көмектесуді, бәсекелесудің орнына қолдауды, топта жұмыс істеуді үйренді. Жастар ІТ технологиялар шекараларды жоятынына сене бастады».

Шеврон компаниясының басты серіктестерінің бірі – Aяла қайырымдылық қоры. 16 жыл ішінде аталған қор Қазақстанның 67 қаласындағы 263 мекемеге көмек көрсетіп үлгерген. Қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Сондай-ақ, Шеврон мен Аяла ынтымақтастығының 12 жылында 80 денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарына 541,2 млн теңге көмек көрсетілген. Бірлескен жобаның мақсаты еліміздегі балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтарға арналған медициналық жабдықтарды сатып алу және сол жабдықтармен жұмыс істейтін дәрігерлерге біліктілікті арттыру курсын ұйымдастыру. Қазіргі таңдағы нәтиже көңіл қуантпай қоймайды. Атап айтар болсақ, емханаларға 170 бірлік жабдық табысталып, корей профессорларының 50 кеңесі беріліп, 300-ден астам медқызметкерлер оқытылып, 2000-нан астам баланың жаны аман қалған.

Аяла онлайн-академиясына еліміздің түкпір-түкпірінен 647 дәрігер курстарға қатысуға тіркелген. Бүгінгі таңда дәрігерлерге арналған 3 курс болса, дәрігерлер мен мейірбикелерге арналған тағы 4 курс әзірленуде.

Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев айтқандай «қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман». Адамға басты қажеттілік денсаулық болса, дамыған елдердің қатарына кіруіміз үшін керегі білімді ұрпақ. Біз қозғаған жобалар «Шевронның» аталған тақырыптарды қамтитын бағдарламаларының кейбірі ғана.

А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521