Аудан әкімдігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою бойынша алқалы жиын өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары О.Айкашева төрағалық етіп, аудандық білім беру бөлімі, денсаулық сақтау және полиция бөлімінің өкілдері қатысты.
Жиында жол-көлік оқиғаларында көптеген адамдардың қайтыс болуы мен жарақаттануына байланысты орын алған оқиғалар жөнінде талқыланды. Ағымдағы жылдың 8 айында елімізде 7180 жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен кезеңімен салыстырғанда 910 фактіге немесе 14,5 %-ға көп, 1017 адам каза тапса, 9533-і түрлі дәрежедегі ауыр жарақат алған.
Жиында жол төсемі қауіпсіздіктің барлық талаптарына сәйкес аудандық тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне көлік ағындарын бөлетін қоршаулар, жаяу жүргіншілер өткелін орнату жөнінде мәслихат сессиясында ұсынысын қарауды тапсырған болатын.
Жаяу жүргіншілер қатысуымен болатын апаттың негізгі себебі олардың қарапайым қауіпсіздік шараларын елемеуінен болып отыр. Жол жүрісі қатысушыларына, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және жарақаттануды азайтуға қатысты полицияның бір ғана шараларымен қол жеткізу мүмкін емес.
Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары О.Жаңбырбайқызы аудан тұрғындарын жол жүрісі мәдениетін арттыруға негізделген жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бойынша шаралар әзірлеп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, жол жүру ережесін сақтау туралы үгіт-насихат орналастыруды тиісті мекемелерге тапсырды.
Сондай-ақ, жиын барысында ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де қаралды. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі қара күңнен тыйым» дейтін ата-баба дәстүрі көмескі тартқан тәрізді, бүгінде еркін өскен қыз балалар арасында ерте есейіп, балиғатқа толмай бала сүйетін жағдайлар кездесіп жататынын жасырудың қажеті жоқ сияқты...
Ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Мәселен, көптеген жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала беретіндігінде. Әйткенмен, бұл – дұрыс емес. Былтыр аудан бойынша 12 ерте жүктілік фактісі тіркелсе, ағымдағы жылы 9 ерте жүктілік тізімге алынған.
Осыған орай, санитариялық талаптарды сақтай отырып, ерте жүкітіліктің алдын алу мақсатында кесте жасақталып, аудан көлемінде 9-11 сынып қыз балаларына, аналардың қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы мамандардың қатысуымен тиісті шаралар жүргізілетін болады.
А.ТАУМҰРЫНОВА