Жақсылық спорттағы мансабын аяқтады

(0 Votes)

Соңғы кездегі Мақат футзалының қарқынды дамуы туралы сөз қозғалғанда ойымызға келетіні – Жақсылық Амандосов екені рас. Жергілікті футзалдың №1 түлегі саналатын ол кәсіби спортты кеш бастаса да футболсүйер қауымның сүйіктісіне айналып үлгерген еді.

Жас кезінен-ақ ауыл арасында аяқ доптың шебері боп танылған Жақсылықтың кәсіби спортқа қадам басуына «Атырау» футзал клубының құрылуы себеп болды. Жергілікті спортшыларға мүмкіндік беруді мақсат қылған команда бірқатар жас дарындардың атын шығарды. Олардың арасында Жақсылық Амандосов, Еркебұлан Бейбітұлы, Ерасыл Шарапиденов секілді мақаттық футзалшылар бар.

«Атырау» футзал клубының сапында легионерлердің азайғаны арқасында бомбардирлық қырымен танылған жерлесіміз биыл ұлттық құрамаға да шақырту алған болатын. 30 жас спортшы үшін әлі бірқатар белестерді бағындыруға болатын кезең болғандықтан Жақсылық Амандосов өз ойынымен әрі қарай да жанкүйерлерін қуанта береді деп күткен едік. Алайда жақында футзалшы спорттық мансабын аяқтағанын жариялады.

Жақсылық Амандосов 2015-2019 жылдары аралығында «ТЭК-Қазақстан», «Құлагер», «Мереке», «Құлсары» футзал клубтарының сапында ел кубогы үшін сайыста сынға түсті. Ал алғашқы келісімшартын 2020 жылы «Атырау» футзал клубымен жасасты. Аталған команданың сапында үш жарым маусым өткізіп, жүзден астам ойында алаңға шықты. Бірнеше дүркін ел чемпионатының жүлдегері болып үлгерді. Әсіресе соңғы маусымда жасындай жарқылдап 49 ойын өткізіп, 19 мәрте қарсыластардың қақпасында доп тулатты.

Экс-футзалшының айтуынша, қазіргі таңда ол мұнай компаниясына жұмысқа орналасқан. Шамасы әртүрлі кубоктар мен әуесқой лигаларда өз мекемесінің намысын қорғайтын болса керек.

Не де болса, алақандай ауылдан шығып ұлттық құрамаға шақырту алатындай дәрежеге жеткен жерлесімізге осы уақытқа дейін сыйлаған эмоциясы үшін алғыс айтамыз. Қайда жүрсең де сәттілік, Мақаттың Джейми Вардиы!

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT