Шілде айының 12 жұлдызында аудандық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев жергілікті мемлекеттік орган өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағаларымен кездесті.
Аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов ашқан жиында үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі және олардың мемлекеттік органдармен байланысын жетілдіру мәселесі талқыланды.
«Біз айналамыздың кез келген кемшін тұстарына әкімдікті кінәлай бермей ұсақ-түйек мәселені болсын өзіміз шеше аламыз. Ол үшін қоғамдық бірлестік немесе қоғамдық қор ашуларыңыз керек. Себебі жеке тұлғаға қарағанда заңды тұлғаның сөзі өтімді болады», - деген Ерлан Күмісқалиев ҮЕҰ ашу жолдарын түсіндіріп берді.
Сонымен қатар ол мемлекеттің басты қағидаларын, биліктің тармақтарын, мемлекет үшін салықтың маңыздылығы және зауыттардың елге тигізер пайдасы мен зияны туралы сөз қозғады. Спикердің айтуынша, ел аузындағы жасыл желектің аздығы, апатты үйлер, бұралқы иттердің көптігі секілді жергілікті мәселелерді басқаша тұрғыдан шешу мүмкіндігін қарастыруға болады. Осы орайда кездесуге қатысушы тұрғындар жүйке жүйесі зақымдалған науқасты жылқы жануары арқылы емдейтін иппотерапияны біздің ауданда да ашу керектігін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Қонысбайұлы халықтан сұраныс болса иппотерапия ашуды қарастыруға болатынын айтты.
Ал бұралқы иттердің көптігі туралы сөз болғанда Саратов қаласы мысалға келтірілді. Аталыш қалада ит пен мысықтарды түгелдей дерлік қырғанның кесірінен егеуқұйрықтар қаптап кетіп, адамдарға ауру жұққан. Осындай мысалдарды және ит атудан бәрібір нәтиже жоқ екендігін дәлелдеген жануарларды қорғаушылар ит атуға болмайтын заң қабылдатқан.
Арнайы шақыртумен ауданымызға келген Ерлан Күмісқалиев жаңадан ашылған үкіметтік емес ұйымдарына бағыт-бағдар беруге дайын екенін жеткізді.
А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ