Былтырғы Балалар жылында «НефтеСтройСервис» ЖШС аудан орталығынан ойын алаңын салып беретіндіктерін айтып аудан әкіміне құрылыс сертификатын тарту еткен болатын. Уәде орындалуымен құнды дегендей, аталмыш мекеме демеушілігімен мердігер мекеме «АЙСТ продукты» ЖШС Мақат кентіндегі Алаш көшесіне балалар ойын алаңын салып берді.
Алаңның пайдалануға берілуі қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келіп, ашылу салтанаты сәрсенбінің сәтті күнінде ұйымдастырылды. Алдымен құттықтау сөз аудан әкімі Ринат Ибрагимовке берілді. Ол өз уәделерін орындап халықты қуантқан демеуші компанияға алғысын айтып, тұрғындарды жаңа да қауіпсіз, қазіргі заманға сай балалар ойын алаңының салынуымен құттықтады. Содаң соң мердігер мекеменің басшыларына өз атынан алғыс хат табыстады.
Алаш көшесінің тұрғындарының атынан сөйлеген Бағыт Байсалихов «Бұдан былай бұл көшенің балалары өз ойын алаңдарында асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады. Көңілдің гүлі, көзіміздің нұры саналатын балаларымызға қуаныш сыйлаған жандарға мың алғыс. Игілікті істің қасынан табылған жандарға бүлдіршіндеріміз де дән риза. Осыған дейін ойнайтын орын таба алмай, үй-үйде отыратын балалар енді күндерін осы аумақта өткізеді деген сенімдеміз», - деп жылы лебізін білдірді.
Келесі сөз кезегін алған «НефтеСтройСервис» ЖШС-нің директоры Рашид Отаров «Былтырғы жоспарымыз биыл жүзеге асып жатыр. Бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқын болсын. Ата-ана да балаларының сапалы ойын алаңында ойнағанын жақсы көреді. Ендеше сыйымызды игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Мекемеміздің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Мерейтойымыздың құрметіне жоспарланған шаралар мен басқа да үлкен жобаларымыз көп. Демеушілік танытуымыздың алды-арты бұл емес», - деп ағынан жарылды.
Лента қию рәсімі ауданымыздың ардагері Амангелді Құрманов пен «НефтеСтройСервис» ЖШС директорына жолданды. Ресми түрде қызыл лента қиылғаннан кейін балалар алаңда асыр салып ойнап кетті. Ал шараның құрметті қонақтарына демеуші компания тарапынан саябақ ішінде тігілген киіз үйде дастархан жайылды.
А.ЕСЖАН