Мақатта жұмыссыздық деңгейі артып тұр

(0 Votes)

Ауданда жұмыссыздардың саны көбейіп барады. Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 892 адам тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Өйткені былтыр ресми тіркеуде 411 адам ғана болған. Бұның негізгі себебі – ауданға қарасты мекемелер өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет бермейді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамти алмауында болып отыр. 

Осы мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы орган «NCOC» компаниясына қарасты мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Жиынға аудан әкімі Ринат Ибрагимов төрағалық жасап, аудан прокуроры Нариман Ешманов және шақырылған 40 компания өкілінің 7-еуі ғана қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28-бабы бойынша Жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысу мәселесі және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» талқыланды.

Алдымен аталған тақырыптар бойынша баяндама жасаған аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Алмагүл Аралбекова:

«Бүгінгі жиынды ұйымдастыру мақсатымыз биылғы жылы бізде жұмыссыздық деңгейі өсіп барады. Былтыр 2022 жылы Атырау облысы бойынша «Тенгиз» қалашығынан 17 мың адам жұмыстан босап қалып, ол қазіргі жұмыссыздық деңгейіне әсер етуде. Сондықтан да бұл мәселені шешу ортақ міндетіміз болғандықтан бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын»,- деді А.Аралбекова.

Кездесу барысында мекеме өкілдеріне «Электрондық еңбек биржасы» порталына қалай тіркелу керек екендігі жөнінде арнайы видео нұсқаулық көрсетіліп, бос немесе жаңа жұмыс орындары туралы ақпарат берерде Мақат ауданын көрсету қажет екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Ізтұрған Таспаев оқу ордасында аталған салалар бойынша жұмысшы мамандар оқытылатынын қаперге берді.

«Осы салада 23 жылдан бері жұмыс жасап келемін бірақ Мақатта осындай колледж бар екенін білмеппін. Өйткені бізге осы оқу ордасының дипломымен жұмыс іздеушілер келмеген. Жалпы бос жұмыс орнына жергілікті мамандарды алуға тырысамыз. Біз көбінесе, облыстық немесе қалалық жұмыспен қамту орталықтарына береміз мәліметті. Бірақ, шыны керек көбіне таба алмаймыз. Бізде жұмыс жасайтын 32 адамның 74 пайызы Атырау қаласының өзінен. Қалғаны еліміздің әртүрлі қалаларынан. Бүгінгі жиналыста біз өзімізге қажетті жақсы мәлімет алдық. Болашақта бірге жұмыс жасаймыз деген ойдамын»,- деді «Relay Zholdas» TOO-ның әкімшілік менеджері Тойған Есқожиева.

Ал «PaintingScaffoldinglnsulation Services» TOO-ның өкілі Шынар Мұқанова:

«Қазіргі таңда бізде 20 сылақшыға және тігін цехына тігіншілерге бос жұмыс орыны ашылып жатыр. Біздер enbek.kz порталымен тығыз жұмыс жасаймыз. Бірақ та соның ішінде Мақат ауданын белгіліп, жұмысшы сұрауды білген жоқпыз. Бүгін естіп жатырмыз, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстанатын боламыз», - деді.

Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 270 адам қатысып, оның 119-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы аясында биыл Жастар практикасы, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына 184 адам және түрлі мемлекеттік грантпен 65 адам қамту жоспарланып отыр.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT