Кәсіпкерлікке ұмтылыс та, іркіліс те бар

(0 Votes)

Күн тәртібіне орай әуелі «Жастар кәсіпкерлігін дамыту және "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламаларының жастар арасында жүзеге асырылуы туралы» туралы мәселе қаралды.

Тақырыпты тарқатқан аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Шаңғалаев жыл басынан бергі уақыттағы статистикалық мәліметтерге сүйеніп, бірнеше деректерді алға тартты.

Бүгінгі күні аудандағы кәсіпкерлер санының 14,1 пайызы жастар үлесіне тиесілі. Биылғы жылдың өзінде 10 кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 63 млн 800 мың теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болса, оныі ішінен біреуі жас кәсіпкер. Яғни, бөлім басшысының мәлімдеуінше, жастар арасында кәсіпкерлік ісіне қызығушылық танытушылар саны өсіп келеді. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту » бағдарламасы шеңберінде ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту қарастырылып, «Бастау бизнес» жобасымен бастапқыда 50, кейіннен 23 адам оқытылуда. Осы жобаға қатысқан кәсіпкерлердің 55 пайызын жастар құрап отыр. Деректер мен дәйектер жастар арасында кәсіпкерлікке бет алушылар саны уақыт өткен сайын өсіп келетінін байқатып отыр. Десек те, жастардың жаңа іс бастауына әлі де кедергілер кездесіп отырғандығы белгілі. Ол ең әуелі біліктілік пен тәуекелдік және жауапкершілік аздығы болса керек. Жаңадан іс бастайтын тәжірибесіз жас кәсіпкер қаржылық ғана емес, ең әуелі ақпараттық, кәсіп жүргізу туралы білім, бизнес-жоба жасау, өнімі мен қызметін өткізу және бизнес бастауда басқа да көптеген қиындықтан өзі жол тауып шығуға мәжбүр.

Жалпы, жастардың арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі ұдайы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оның үстіне ауданда шағын кәсіпкерлік көбіне сауда, қызмет көрсету есебінен болып отыр. Дегенмен, олардың түрлері әлі де аздық етеді. Бұл жөнінде Н.Ерғалиев білім ордасын бітіріп келген жастардың еңбек нарығында ешкімге керексіз болып, алған мамандығында бір күн жұмыс істемей, көңілі қайтып қалмауы үшін де оларға жан-жақты көмекті ұйымдастыру қажеттігін алға тартты. Мемлекет пен қоғамның қатарласа қолдау көрсетуі жас кәсіпкердің табысқа қарай ұмтылысын шыңдай түсері анық. «Бір сөзен айтқанда, жастарға кәсібінің нағыз маманы болуға және өз бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік пен жағдай жасасақ болғаны. Ал табысты болу жас кәсіпкердің еншісінде...» дейді Н.Ерғалиев.

Кеңесте сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың қатысуымен бұқаралық спорттың дамуы, аудан бойынша спорттық нысандардың жастарға қолжетімділігі туралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Естай Мақсотов баяндап өтті. Спорт-саулық кепілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер шығып жатады. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе.

Жастар спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары қолжетімді деңгейде болуы тиіс. Аудан бойынша 13 спорт залы болса, оның 11-і мектептерге тиесілі. Ал, екеуі спорт мектептерінде. Мекеме қызметкерлері үшін екі спорт мектебінің залы демалыс күндері және сабақтан тыс уақытта беріліп отыр. Бұл әрине, барлық тұрғындарды бірдей қамтиды деп айтуға сыймайды. Кеңесте жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастардың қатысуымен бұқаралық спорттың дамуын күшейту бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселесі талқыға алынды. Бұқаралық спортты дамытудың іс-қимыл жоспары негізінде жастарды спортқа тарту мүмкіндігін арттыру ұсынылды. Кеңес кенттердегі округ бойынша жастармен жасалынған жұмыстар жөнінде қарады.

Әкімдер кеңессіндегі статистикалық мәліметтерден белгілі болғанындай, жастармен жұмыс жүргізілуде. Оның сан алуан тақырыпты қамтуы әлі де болса кемішн жатыр. Әсіресе, бірнеше жылдар бойы тапсырылып келетін жастар базасын жасақтау туралы жұмыс әлі де ақсап жатыр. Жастарды қолдау – мемлекеттің негізгі мүддесі. Қолдап қана қоймай, бағыт бағдар беру – елдік іс. Әсіресе, ғаламторға үңіліп, қоғамнан жырақтау жүрген жастардың белсенділігін арттырып, алған білімдерін іс жүзіне асырылуы үшін кешенді жұмыстар, қарапайым кездесулер мен мамандар кеңесін үздіксіз жүргізу кеңес мүшелеріне жүктелді. Кеңес отырысын түйіндеген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев жастардың ынтасын арттырып, қолдау көмекті үдету керектігін тілге тиек етті. Өйткені, ел ертеңі жастар десек, олардың келешегінің кемел болуы бүгінгі жасалған демеуге байланысты. Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521