Қазақстан теміржолшылары арасында «100 жас есім» жобасы дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде елімізде ерекше қабілеті және еңбегімен көзге түскен жастарымыз өте көп. Солардың қатарында жерлесіміз, Мақат локомотив пайдалану депосында өндірістік қауіпсіздік және экологиялық сектордың басшысы болып қызмет атқаратын Жұмабек Өтегенұлы бар.
2011 жылдан бері теміржол саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан Жұмабек Мырзағалиев өткен желтоқсан айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы ұйымдастырған «100 жас есім» жобасының жеңімпаздар қатарынан табылды. Ол жобаға қатысудағы басты мақсаты өз білімі мен біліктілігін арттыру болды дейді.
«100 жас есім» байқауына қатысудағы басты мақсатым – өзге өңірлердегі осы салада қызмет атқарып жүрген әріптестермен танысып, өз білімім мен біліктілігімді жетілдіру және өз деңгейімді сынау болды. Себебі, жастарды қолдауға арналған бұл жоба олардың жан-жақты дамуына үлкен жол ашады. Аталмыш жобаға 500-ге жуық жас теміржолшылар өтінім берген болатын. Оған жасы 18-ден 35 жасқа дейінгі жас қызметкерлер қатыса алады. Төрт кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңі өтінімдерді жинаудан басталды. Одан кейін, қатысушылар тестілеуден өтеді. Әрі қарай, әрқайсысы сала бойынша сұрақтарға жауап беріп, жекелей сұхбаттасады. Ең соңғы кезеңде комиссия мүшелері «100 жас есім» тізіміне енген жеңімпаздарды анықтайды. Осы кезеңдерден сүрінбей өтіп, мен де «100 жас есім» жобасының II кезеңінің жеңімпазы атандым. Бұл жалғыз менің ғана емес, жалпы ұжымның жетістігі деп білемін,- дейді ол.
Бүгінде еңбегімен ұжымда сыйлы Жұмабек 1989 жылы Мақат кентінде теміржолшылар әулетінде дүниеге келген. Х.Санбаев атындағы орта мектепті аяқтаған соң, 2009 жылы Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде техник-программист, 2014 жылы М.Тынышпаев атындағы Ақтөбе көлік және коммуникациялар коллежінде жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, 2017 жылы Д.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінде автоматтандыру және басқару, 2022 жылы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша білім алған.
Ол болашақ мамандығын қалыптастыруда отбасының себеп болғандығын айтады.
«Өзім теміржолшылар отбасында дүниеге келдім. Аталмыш салада қызмет жасап жүргеніме бүгінде 10 жылдан астам уақыт болды. Ал әулетіміздің теміржол саласындағы жалпы өтілі 400 жылдан асады. Осы жылдар арасында көптеген тәжірибе жинақтадым. Еңбек жолымды алғаш 2011 жылы Мақат пайдалану депосында слесарь қызметінен бастадым. Одан кейін оператор, инженер-технолог, инженер-бағдарламашы, жетекші инженер бағдарламашы болып жұмыс істеп, қазіргі таңда өндіріс қауіпсіздік және экология секторының басшысы болып қызмет атқарып жатырмын»,- дейді аталмыш саладағы үздік маман.
Иә, кейіпкеріміз өзінің еңбекқорлығының арқасында бүгінде үздіктердің қатарында. Нәтижелі еңбек етуді мақсат еткен ол теміржол саласының темірдей тәртібімен жете таныс. Сондықтан да оның жауапкершілігі мол қызметте еңбегі ескеріліп, қызмет мәртебесі үнемі сатылап өсуде. Сондай-ақ әке жолын жалғап, өз ұжымымен бірге теміржол саласының қарыштап дамуына атсалысып жүрген маманның ізденімпаздылығы – бүгінде өзінен кейінгі көп жастарға үлгі бола бермек.
Ә.ҚАСЫМ