Ауданда карантиндік шаралардың сақталуын бақылау бойынша тексеру шаралары жалғасуда. Басты міндет – коронавирустық инфекцияның таралуын төмендетуге және болдырмауға бағытталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.
Өңірде карантин шаралары біршама жеңілдетілгенімен отбасылық шаралар, той-томалақ, салт-жоралғыларды өткізуге тыйым салынды. Десе де, осы шектеуге құлақ аспай, тәртіп бұзушылар азаяр емес. Өткен демалыста ауданның мобильді тобы жүргізген рейд барысында салынған тыйымды елеместен, той тойлап, қонақ күткен бірнеше тұрғындар анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Мәселен, 13 қараша күні Бәйгетөбе ауылдық округіндегі №204 үйден мониторингтік топ отбасылық іс-шараны өткізу фактісін анықтады.
Ал, 14 қарашада Мақат кентіндегі «Мұнайшы» газетінің 60 жылдығы атындағы көшесінің №81 үйінде және 5-ші ауылда тыйым салынғанына қарамастан, киіз үй құрып, той жасаған тұрғындар әшкереленді.
Карантин талабын бұзған той иелеріне қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабына (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Жиналған материалдарға шешім қабылдау үшін аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тапсырылды.
«Тұрғындардың денсаулығы аса маңызды. Карантин режимін сақтамаған азаматтар жауапкершілікке тартылады. Өйткені, олар өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді»,- деді аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау және жұмылдыру бөлімінің басшысы Гүлсара Жаконова.
16 қазаннан бастап жүргізілген тексерулер нәтижесінде ауданда 18 отбасылық шара (той) анықталып, 11 тұлғаға айыппұл салынған.
Осы орайда аудандық жедел штаб өкілдері тұрғындарға өзінің және өзгелердің денсаулығына немқұрайлы қарамауға, отбасылық іс-шараларды өткізбеуге және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз