Тұсауларын І.Жақанов кескен егіздер

(0 Votes)

«Тектіден текті туады» дейді қазақ. Осы тәмсіл тура біздің кейіпкерлерімізге арналғандай. Аталары Қажымұқан Елеместегі өңір журналистикасы мен қазақ әдебиетінде өзіндік із қалдырса, өздері 8 жастарында-ақ көптің көзайымына айналып жүр. Оған себеп кішкентайынан ақындардың жырларымен сусындап өсуі.

Әңгімемізге арқау болған егіздер Рамазан мен Райхан 2014 жыл Мақат кентінде дүниеге келген. Ата-анасы Зейнолла Құмаров пен Оксана Айкашева перзенттерінің болашағы үшін бойындағы қабілеттерін дамытып, өнер мен білімге ынтасын оятатын тәрбиеге бағыттай білді. Жас өскіндер ақын, журналист, баспагер Қажымұқан Елеместегі аталары қалдырған шығармаларын оқып шыңдалған.

Рамазан мен Райхан бірінші сыныпты №2 бастауыш мектебінде оқыған. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы «Happy Choice» жеке мектебінде білім алатын олар озат оқушылар қатарында. Білім ала жүріп, бірнеше мәрте облыстық, республикалық конкурстарға қатысып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.

Атап айтсақ, 2020 жылы V республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Көркемсөз» жанрында өнер көрсетіп І орынмен, «Talaptylar.kz» республикалық байқауда мәнерлеп оқудан даралығымен үздік деп танылып І дәрежелі дипломмен, 2022 жылы халықаралық «Я – патриот Казахстана» конкурсынан және республикалық «Абай оқулары» конкурсынан ІІ дәрежелі дипломмен, республикалық «Мұқатаев оқулары» конкурсынан І орынмен, биыл республикалық «Тәуелсіздік тағылымы» конкурсында көркемсөз бағытында ІІ орынмен марапатталған. Бұл соңғы жылдары алған жүлделері ғана.

«Happy Choice» жеке мектебінде де қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика пәндері бойынша пәндік олимпиадалардан бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленіп жүрген білімге құштар егіздер болашағынан зор үміт күттіреді.

Балалардың анасы Оксана Жаңбырбайқызының айтуынша, олар 5 жастарынан бастап-ақ әртүрлі конкурстарға қатысып шыңдалған.

«Егіздердің тұсауын даңқты композитор Илья Жақанов кесті. Ол кісі біз Атырауға барған сайын балаларды шақырып, өлеңдерін тыңдап тұрады. Бір қызығы қызым әдебиетке жақын болса, ұлым математикаға бейім. Екеуі осы бастан-ақ би, вокал, домбыра, кикбоксинг, сурет, шахмат секілді түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады», - дейді перзенттерінің жетістіктерімен қуана бөліскен ана.

Елге танылып үлгерген егіздер үшін жақында тағы бір қуанышты жаңалық орын алды. Оларды Астанадағы халықаралық мектеп оқуға шақырған екен. Аналарымен бірге арнайы барып тапсырып келген қабылдау тестінің нәтижелері оң болса, Рамазан мен Райхан 4-сыныпты елордадағы халықаралық мектепте жалғастырмақ.

Біз өз кезегімізде тектілік бойларына қанмен келген бүлдіршіндердің кез келген қадамдарына сәттілік тіледік. Лайым екеуі де Астананы бағындырып, газетіміздегі «Мақат маңайынан» айдарына жазатындай мақтаныштарымызға айналсын!

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521