Асылы - көркемсөз оқу шебері

(0 Votes)

 Бес жасынан бастап өлеңдерді жатқа, нақышына келтіріп оқитын Асылы Рашидқызы бүгінде көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. «Болар бала болмысынан» демекші, талабы таудай бүлдіршіннің көркем әдебиет пен өнерге деген қызығушылығы жоғары. Бүгінде ол 20-ға жуық ақындардың өлеңдерін біледі. Анасының айтуынша, Асылы кез келген өлеңді тез жаттап алады екен. 

«Бүгінде қызым аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, өнер көрсетіп жүр. Кішкентайынан бастап, шығармашылыққа деген қабілеті бар екендігін байқадық. Содан, бес жасынан бастап драма үйірмесіне қатыса бастады. Онда сахнада өзін қалай ұстау керектігін, өлеңдерді нақышына келтіре мәнерлеп оқуды үйрене жүріп, біраз байқауларда бақ сынады. Әрине, қызымның әрбір жетістігінде драма жетекшісі Гүлбаршын Төленқызының еңбегі зор. Асылы мектепалды даярлық сыныбын енді аяқтаса да, мектепішілік өтетін көркемкөз сайыстарын да қалт жібермейді. Қазіргі уақытта маусым айында Ақтау қаласында өтетін Халықаралық «Таланттар әлемі» байқауына дайындық үстінде», - дейді анасы.

Айта кетейік, 6 жасар өнерлі оқушы бүгінде аудандық мәдениет үйі жанындағы драма және би үйірмесіне қатысып жүр. Биыл Л.Шахатов атындағы орта мектептің мектепалды даярлық сыныбын бітірді.

Ата-анасы мен ұстаздары зор үміт күтетін өнерлі бүлдіршіннің өз жасына сай жетістігі де жетерлік. Атап айтқанда, 2022 жылы Алматы қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен «Мәңгі жаса - жаңғырған ұлы далам!» атты III республикалық рухани-патриоттық байқауында, биыл Алматы қаласында өткен «Жеті өнер» VII Халықаралық шығармашылық фестивалінде және Атырау қаласында өткен II Халықаралық «Zhas onerpaz» өнер-шығармашылық байқауында бас жүлдеге ие болған. Одан бөлек, аудандық, облыстық көптеген байқаулардың жеңімпазы.

Ендеше, әсем дауысы, өзіндік ерекше қабілетімен бағы жанған өнерлі өренге шығармашылық сәттіліктер мен бақытты балалық шақ тілейміз!

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521