«ТУҒАН ЖЕРІМ ЫСТЫҚ...»

 «ТУҒАН ЖЕРІМ ЫСТЫҚ...»
(0 Votes)

 Біздің еліміз – көп ұлттың басын бір ортаға қосқан татулық мекені. Көк тудың астында бірлігі жарасқан бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт күн кешуде.

 Ұлт пен ұлыстар арасындағы бірлік пен татулықты, мызғымас беріктікті сақтауда алтын көпір болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына да биыл – 30 жыл. Ассамблеяның негізгі мақсаты да айқын. Бейбітшілік пен этносаралық достықты, ынтымақтастықты нығайту басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Әр ұлт пен ұлыс өз мәдениеті мен әдебиетін және әдет-ғұрпын сақтап, оны дәріптеу үшін әр облыста орталықтар құрылған. Бүгінде этносаралық ұйымдар жергілікті жерлерде де тыңғылықты жұмыс жасап, ұлттар арасындағы мызғымас татулықты қамтамасыз етуде.

Біздің тоғыз жолдың торабы, қара алтынның темірқазығы болған киелі жерде де түрлі ұлт өкілдері тату күн кешуде.

Солардың бірі қойнауы құтқа толы жерді мекен еткен орыс ұлтының өкілі – Галина Москвина. Мақатта кіндік қаны тамған кейіпкеріміз бүгінде қазақы ортада өмір сүріп, салт- дәстүрлерді бойына жиған.

Алғаш мектеп табалдырығын екі тілді Л.Шахатов атындағы орта мектептен аттап, білім алған.

«Әр адам үшін оқушы кезі ыстық болады. Біздің сыныпта қазақтар мен өзге ұлт өкілдері де болды. Бірақ біз ешқашан бөлінбедік. Керісінше бірден тіл табысып кеттік. Тіпті бүгінгі күнге дейін сы­ныптастарымызбен жақын араласамыз»,- дейді Галина Юрьевна.

Кейіпкеріміздің ата- анасының бойында да бірнеше ұлттың қаны бар. Бұл туралы Галинаның анасы үнемі айтып отырған.

«Менің әкем – орыс ұлтының өкілі. Ал анам болса украин ұлтының өкілі. Яғни менің бой­ымда орыс пен украин ұлтының қаны бар. Бірақ көз ашқаннан бері қазақ жерінде өсіп-өнгендіктен маған туған жерім ыстық», - дейді туған жерге деген шексіз махаббатын жеткізген кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің ата-анасы со­нау жетпісінші жылдары жұмыс бабымен Мақатқа ат басын тіреп, содан тұрғылықты тұрғын болып қалған. Галинаның ата-анасы Украинадан көшіп келген соң, түрлі құрылыс жұмыстарымен айналысып, нәпақасын тауып, үлкен әулетке айналған. Кейін отбасында бес бірдей перзент осы жерде дүниеге келіп, білім алып, етек-жеңін жиған.

«Біз отбасымызда бес бауыр­мыз. Екі ағам, бір әпкем және бір сіңлім бар. Олар да бүгінгі таңда осы жерде еңбек етіп, отбасын құрып, тату-тәтті күн кешуде. Үлкен ағам Василий Атырау қаласында темір өңдеу цехында, Алиптина әпкем мен Валентина сіңлім осы Мақатта жұмысшы қызметін атқарып жүр. Бәріміз жергілікті халықпен өте жақын араласып, тіл табысып кеттік. Оған себеп, біздің осы жерде дүниеге келгенімізден шығар», - дейді кейіпкеріміз ағынан жа­рылып.

Бүгінде Галина Москвина – қылықты екі бірдей қыздың анасы. Кейіпкеріміздің жол­дасы да орыс ұлтының өкілі. Ал үлкен қызы Светлана мек­тепте қызмет етсе, кіші қызы жергілікті Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде мұнай-операторы мамандығы бойынша білім алуда.

Ал кейіпкеріміздің өзі де күнкөрістің, бала-шағаның қамы үшін аянбай еңбек етуде. Ауданымыздағы іргелі оқу ор­дасы Х.Санбаев атындағы орта мектебінде он жылдан астам тазалықшы болып қызмет жа­сап келеді.

«Көз ашып, ес жиғаннан бері еңбекке ерте араластым. Жұмыстың жаманы жоқ. Сондықтан кез келген жұмыс түрін жасап, адал еңбек ету – менің өмірлік қағидам. Қазіргі таңда жасап жатқан қызметім өзіме ұнайды. Біздің көңілді ұжымда да өзге ұлт өкілдері бар. Біз барлығымыз етене жақын араласып, бір-бірімізге қолдау білдіріп, өмірлік достарға айна­лып кеттік», - дейді Галина.

Міне, осылайша өзге ұлт өкілдері құт мекенді қоныстанып, тамырын тереңге жайған шежірелі әулетке ай­налды. Олардың елге айтар алғысы да шексіз.

«Көз ашқалы бері осы жерде өмір сүріп келеміз. Мақаттың ақжарқын халқы ата-анамызды, бізді жатсынбай, құшақ жая қарсы алды. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде мен Қазақстан халқына алғысымды білдіргім келеді. Бәріміз тәуелсіз елде тату-тәтті күн кешейік!», - деп кейіпкеріміз жүрекжарды лебізін білдірді.

Ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында қабылданған оңтайлы шешімдердің бірі - көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні құтты болсын! Көп ту ішінде көк Ту­ымыз мәңгі желбіреп, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болсын!

Ж.ҚАМЗА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT