Алғыс айту күні – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ерекше ризашылығын білдіре отыра, қиын заманда құшақ жая қарсы алғанына, жатсынбай бауырына басып, достықта өмір сүріп жатқанына Алғыс айтатын күн.
Мерекенің басты мақсаты Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдық келісім мен қайырымдылықты насихаттау болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та бұл мереке ұлтымыздың салт- санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптелетін, қиын-қыстау замандарда мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртатынын айтады.
Жалпы, елімізде бұл мейрамды 2016 жылдан бері атап өтіп келе жатыр. Осынау мереке қарсаңында тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына да биыл 30 жыл толады. Ал Ассамблея қазақ халқының бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.
Тарихқа үңілсек те, қазақ елі түрлі кезеңдерде басқа ұлт өкілдерін ерекше ықыласпен бауырына басқанын көреміз. Олардың салт-дәстүрі, тілі мен мәдениеті жоғалмас үшін қолайлы жағдай жасаған. Соның нәтижесінде ұлан- байтақ қазақ жерімізде барлық ұлттың өкілдері бір атаның балаларындай ынтымақтастықта өмір сүріп, әлі сол үрдіс жалғасып келеді.
Осы ретте қара алтынның қайнар көзі саналатын ауданымызда да түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері мекен етеді. Соның бірі – Мақат кенті әкімі аппаратының бас маманы, заңгері Замира Длекеева. Ол - Нүкіс қаласының тумасы, ал жолдасы – қазақ ұлтының азаматы.
Замира Длекеева 1999 жылы Нүкіс қаласындағы заң факультетінен жоғары білімді заңгер мамандығын алып шығады. Жолдасы болса сол қаладағы мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқыған.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз – бес баланың анасы. Өзі қазыналы өлкеде өмір сүріп, қызмет жасап жүргеніне дән риза.
– 2008 жылы Мақат ауданына жұмыс бабымен келгенбіз. Ол кезде мен бала күтімімен үйде отырдым. Содан 2015 жылдан бастап Бәйгетөбе ауылдық округ әкімі аппаратына жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Былтырғы жылдың шілде айынан бастап Мақат кенті әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесінде бас маман, заңгер қызметін атқарып келемін. Бұл жақта да әріптестерім тамаша адамдар, нағыз жанашырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген жандар деуге болады», - деді Замира Базарбайқызы.
Алғыс айту күніне орай кейіпкеріміз де аудан жұртшылығына өз алғысын білдіріп, осы ауданның әрі қарай дамуына өз үлесін қолынан келгенше қосатынын тілге тиек етті.
«Бір-біріне деген ілтипатын білдіретін, бауырмалдық пен сыйластық саналатын мереке құтты болсын! Алғыс айту - жүрекке жылу сыйлайтын керемет қасиет, қарапайым адамгершілік парыз. Алғыс айта білген адам алғыс арқалайды. Мереке қарсаңында барша қазақ еліне, Мақат тұрғындарына ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтқым келеді», - деп өзінің ақ ниетін білдірді Замира Длекеева.
Көктемнің алғашқы күнімен келіп, көңіл тыныштығын сыйлайтын жарқын мереке - Алғыс айту күні құтты болсын! Байтақ жерімізде баршамыз бірлігіміз жараса тату- тәтті өмір сүрейік.
Г.Жұбанышқалиева