«Қоғамдағы бала тәрбиесі». Осындай атаумен кеше, Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені мен Х.Санбаев атындағы орта мектебінде облыстық дін істері басқармасы ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен кездесу шаралары өтті.
Жиынға мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар және ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Сарбасов, Бәйгетөбе округі әкімі Қ.Тулеуов қатысты.
Тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, экстремизмнің алдын алу, дәстүрлі рухани-имандылық, діни құндылықтарды насихаттау, кеңінен түсіндіру, дін саласындағы ақпараттық – ағарту жұмыстарын жүргізу секілді жоспарларды жүзеге асыру – аталған кездесудің негізгі бағыты.
Жиында сөз алған ардагер ұстаз Р.Үмбетова , ақпараттық – түсіндіру тобының мүшесі Қ.Мыңтұрғанов өздерінің өмірлік тәжірибелерін ортаға сала отырып, бүгінгі күні бала тәрбиесіндегі кейбір олқылықтарды атады.
Көпті көрген жандар көңілдерінің көп нәрсеге толмайтындығын, әсіресе ата-анаға сөз қайтару, уақытын телефонға телмірумен өткізу секілді негізгі мәселелерді сөз ете отырып, өз замандарындағы ата-ананың айтқысы келгенін «қас пен қабағына қарап» ұғынатын күндердің келмеске кеткенін еске алды.
Жыл өткен сайын еліміздің түкпір-түкпірінде жастар тарапынан орын алып жатқан түрлі сорақылықтар мен айтуға ауыз бармайтын статистикалық деректерге қапаланатынын жеткізген ардагерлер оқушыларды өз әдебін сақтап, ұлттық құндылықтардан айнымауға шақырды.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог маманы Ш.Темірқұлұлы бала тәрбиесінің ислам дініндегі орыны туралы, ата-анаға тіпті «туф» деп айтудың өзі құран аятымен қатаң тиым салынғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар қазақ даласындағы салт-дәстүр, айтылатын мақал-мәтелдерді асыл дінімізбен ұштастырды.
Жиында оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды.
Сондай-ақ, қосымша ақпараттық брошюралар таратылды.
А.Садыков
Сурет автордікі