Шырайланды мұнайлы өлке

(0 Votes)

ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Атырау өңіріндегі отандық мұнай өндіруші кәсіпорын - "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы жылдағы дәстүр бойынша "қара алтын" игерушілер мерекесін салтанатты түрде атап өтті. 

Қыркүйектің 6-жұлдызында Исатай ауданы Аққыстау селосында мұнай-газ кешені қызметкерлері күні және С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Мерекеге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев, "Ембімұнайгаз" АҚ-ның басшылары, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ұжымы, ардагер мұнайшылар және аудан жұртшылығы қатысты. Шара аясында бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, мәдени шаралар ұйымдастырылды. 1962 жылы Мартыши алаңының мұнайлы қабаттарына жүргізілген өндірістік сынақ жұмыстары кезінде №1 ұңғымадан мұнай бұрқағы атқылайды. Ұңғыма тәулігіне 117 текше метр таза мұнай берген. Ал, 1963-1967 жылдары аралығында Мартыши кен орнынан мұнай қоры анықталып, 1968 жылдың қаңтар айында аталмыш кен орны тұрақты өндірістік пайдалануға берілді. Осы жылы Мартыши кен алаңынан 1 343 000 тонна мұнай өндіріліп, ел игілігіне табысталады. Ал, 1973 жылы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ы құрылып, 2000-шы жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Мартыши кен алаңына елімізге еңбегі сіңген геолог-мұнайшы Салтанат Балғымбаевтың есімі берілді.

Жаңа асхана пайдалануға берілді

«Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на қарасты С.Балғымбаев атындағы кен алаңындағы бұрынғы 100 орындық асханасында мұнайшылардың түскі ас кезінде кезек күтулеріне тура келетін. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып, 150 орындық асхана пайдалануға берілді. Кен алаңындағы барлық цех жұмысшылары енді бір мезетте тамақтана алады. Салтанатты шара кезінде сөз алған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» Басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев Ембі кен алаңдарының әлеуметтік нысандармен толықтай қамтылып отырғанын баса айтып өтті. - Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ өте көне кен орындарын игеріп жатыр. Соған қарамастан әлеуметтік жағдайды жақсартып, жұмысшыларға көп көңіл бөлуде. Компанияның басты құндылығы - Сіздер, мұнайшылар! Әлеуметтік нысандарды жақсарту жұмыстары жалғасады. Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ –ның Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхананың, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Қисымбай кенішінде 50 орындық асхананы іске қостық. Бүгін С.Балғымбаев кен алаңындағы 150 орындық асхана сіздерге есігін айқара ашып отыр.

Уақыт бір орында тұрмайды. Болашақта осындай жұмыстарымызды жалғастыра береміз, - деді өз сөзінде Құрманғазы Орынғазыұлы. Қ.Есқазиев өзінің құттықтау сөзінде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Соңғы жылдарда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бойынша 60 шақырымдық өндіріс ішілік жолдың құрылысы аяқталып, іске қосылғанын, сонымен қатар Қаратон құрылымында барлау жұмыстарын бастау жөніндегі жұмыс жоспары қолға алынатынын, бұл орайда ұңғымалардың тереңдігі 6000 метр болатындығын да атап өтті. С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Новобогат кеніштерінде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ 5 мыңнан астам еңбек етеді. Биылғы жылы 2 миллион 895 мың тонна өнім игеру жос-парлануда. Жаңа асхананың лентасын «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев пен мұнайшы-ардагер Қазира Сүйінгариева салтанатты түрде қиды. Салтанатты шара С.Балғымбаев кен алаңының орталық алаңындағы марапаттау рәсіміне ұласты. Жиналғандарды құттықтаған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков те жүзеге асқан игі шараларға тоқталды:

Үстіміздегі жылдың 23-тамыз күні Атырау облысындағы жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас кеңсесіне келді. Бұл - ембілік мұнайшылар үшін үлкен мәртебе. Осыдан тура 23 жыл бұрын Елбасы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, енді мемлекет басшысы екінші рет қазақ мұнайының «қара шаңырағына» аяқ басып отыр. Елбасы өндіріс үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен, соның ішінде «Интеллектуалды кен орын» жобасының жұмысымен танысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің Компания мемлекет басшысының тапсырмасына сай өндірісті жаңа технологиялар қамтып, тың жобаларды батыл енгізіп келеді. 2016 жылы өндіріс шығындарын оңтайландыру мен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл пилоттық жоба – Уаз кен алаңында іске қосылып, бүгінде тиімділігін дәлелдеп те үлгерген тың бағдарлама. 2017 жылы жоба жұмысы Прорва кен алаңдары тобына таратылды. 2024 жылдың соңына дейін 12 кен алаңы цифрлық өндіріске көшіріледі. Ембі өндірісін өзгерістермен, жаңа технологиялармен үздіксіз қамту ең алдымен ұжымдағы бірліктің, ауызбіршіліктің жемісі деп түсіну керек. Бұл-ембілік мұнайшылардың берекелі тірліктерінің арқасы деп есептеймін, сол үшін де сіздерге үлкен алғыс айтамын - деді құттықтау сөзінде Әнуар Еркінұлы. Марапаттау рәсімінде Ембі өндірісінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан бір топ маман ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, «Самұрық-Қазына ӘАҚ» АҚ Құрмет грамотасымен, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Естелік белгісімен, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Құрмет грамотасымен, "Ембімұнайгаз" АҚ Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен, сондай-ақ, Исатай аудандық әкімшілігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Кеңсе күрделі жөндеуден өтті

Түстен кейін мереке Аққыстау селосында жалғасып, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бас кеңсесінің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның басшысы Мәлік Жүнісов және басқарманың өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары Шарапиден Сәкен кен орынның қара алтынына тұңғыш рет тыңнан түрен салған еңбек ардагерлерін, мұнай-газ саласының қызметкерлерін құттықтап, сөз сөйледі. 50 жылдық мерейтоймен тұспа-тұс келген ғимараттың ашылу салтанатының лента қию рәсімі "ҚазМұнайГаз" ҰК»АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев пен еңбек ардагері Төлеушов Құрметке жолданды. Мұнан кейін жиналғандар ғимараттың ішін аралап, жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысты.

Ақындар түсті айтысқа

Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде еліміздің түкпір-түкпірінен айтыскер ақындарды жиып, өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырған республикалық аламан айтыс өтті. Жыр бәйгесіне республикаға танылған ақындар: Жандарбек Бұлғақов, Сырымбет Сәрсенбай, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Бекарыс Шойбеков, Шалқарбай Ізбасаров, Балғынбек Имашев, Саадат Нұрманов қатысып, исатайлық көрермендерге әсерлі кеш сыйлады. Суырып салма сайып қырандардың өнерін тамашалауға келген көрермендердің қарасы қалың болды. Сонымен айтыстың алғашқы жұбы Бекарыс Шойбеков пен Шалқарбай Ізбасаров ара­сындағы аға мен іні диалогы «әу» дегеннен халықтан қошемет тапты. «50 жыл мұнай берген ерлігің үшін, Дубайдай болатындай күн тусыншы…» – деу арқылы айтыс сүйер қауымды бір серпілткен Сара Тоқтамысова мен Сырымбет Сәрсенбайдың айтыс ақындар жұбы қара алтынды жырына арқау етті. Сондай-ақ, Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов ара­сындағы әзілге құрылған әңгімесінің зілі де басым болды. «Жақсы жол – жерде жатпас деген сөзді, Аққыстау саған келіп түсіндім-ау...» деп жол мәселесін сын тезіне салған Жандарбек залды ду күлкіге қарық қылды. Одан кейін ортаға шыққан Балғынбек Имашев пен Саадат Нұрманов ара­сындағы сөз жарысы еліміздегі демо­графия мәселесін көтерді. Әзіл арқылы бүгінгі заманды кескіндеген қос ақынның айтысы – ақындардың ерегесі іспетті. Сом сөзбен бірін-бірі түйреген ақындар диалогы қоғамның әлсіз тұсын көрсетті. «Бәрін айт та, бірін айт», 8 ақын аламанға түскен додада қазақ қоғамына қажет ойлар мен парасатты пікірлер тиегі ағытылды. Ақындар да ойларын ірікпей, жырларын жаңбырша жаудырды. Айтыс өнеріне сусындаған халық алдында алғысын білдірген "Ембімұнайгаз" АҚ Басқарма төрағасы Ануар Еркінұлы ақындарға сый-сыяпатын табыстады.

Мерекелік гала-концерт

Кешкіқұрым орталық стадионда гала-концерт ұйымдастырылып, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әннен шашу шашты. Өнер сүйер қауымға көңілді кеш сыйлаған мұнайшылардың тартуы онымен толастамады. Күміс көмей әншілер, қазақ эстрадасының өнерлі жұбы Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина келіп, аудан жұртшылығы мен қонақтар алдында өнер көрсетті. Концерт соңы отшашуға ұласып, келген қонақтар әсерлі көңіл-күйде тарқасты. Шаймерден Төлеңгітов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның ардагері: - «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нда 30 жылдай еңбек еттім. 10 жыл бас инженер, 3 жыл басшы болдым. Мақатта да қызмет еттім. Бала кезімде Мартыши кен алаңында ұңғымадан лаулап жанған жалынды көріп, мұнайшы болсам деп армандауыш едім. Сол арманыма жеттім. Ел ырыздығын өзіне жарата білу де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бүгін міне, мереке қарсаңында игілікті шараларға куә болып отырмыз. Бұрын мұнайшыларға әлеуметтік жағдай жасалмастан ең алдымен жұмыс сұралатын. Қазір бірінші-еңбек адамына жағдай жасалады. Сонсоң жұмыс сұралады. Қазіргі таңда жаңа технологиялардың көмегімен жұмыс жасап, көптеген мәселелер шешілді. Мұның барлығы мұнайшыларға жасалып жатырған қамқорлық деп білем. Қазира Суюнгариева, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның ардагері: - Мен Мартышидың алғашқы мұнайы мен газын игергендердің бірімін. Кейін, 1987 жылы Мәскеуде биология факультетін бітіріп келіп, қайта қызметке араластым. 2002 жылы цех басшысы болып тағайындалдым, 2006 жылы зейнеткерлікке шықтым. Айта кетерлігі, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-да таза 40 жыл еңбек еттім. Мен еңбек еткен кез бен бүгінгі өндірісті салыстыруға келмес. Мұнайшыларға еңбек етуге барлық жағдай жасалған, өндіріске жаңалықтар батыл енгізілуде. Мұнайшылар үшін қуаныштымын. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521