Ұшқыр ой мен шешендік сынға түсті

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар қатарында кітапханашылар арасында өткен облыстық байқау көпшіліктің көңілінен шығып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Мақаттағы аудандық мәдениет үйі бұл күні ерекше сәнге бөленіп, жергілікті қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарынан жасалған көрме көрермен назарына ұсынылды. «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеде тілді дамытудың саясаты, тілді білудің маңыздылығы жөнінде мағлұматтар берілді.

«Ұшқыр ой мен шешен тіл» тақырыбымен өткен сайысқа облыстағы бар ауданнан және Атырау қаласының кітапханасынан қызметкерлер қатысты. Үміткерлер қазақ өнері мен мәдениетінен біліктіліктерін ортаға салып, жанкүйерлерін де шабыттандыра білді. Өйткені кітапхана –оқырманмен кітап арасындағы алтын көпір болса, кітап пен ктіапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы кітапханашылар.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында ұйымдастырылған кітапханашылар байқауын аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев құттықтау лебізімен ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Бес бөлімнен құралған байқауда кітапханашылар білім деңгейлерімен қатар, өнерден де кенде емес екенін дәлелдей білді. Қай уақытта да кітапханашыға қойылатын талап көп. Ол білімді, ақылды, сабырлы, өнерлі болса, жұмысының жанғаны. «Мен және менің өлкем» тақырыбымен таныстыру бөлімін әр қатысушы өзінше қорғап шықты. Жалпы, бүгінгі заманауи құрылғыларды пайдалана біліп, оны туған жермен тоғыстыра білгендер көп болмады.

Рухани қазына ордасында қызмет етуші қызметкерлер оқырмандар алдында әдебиетке, ғылымға жақындығымен ерекшеленері сөзсіз. Сондықтан келесі кезеңде биылғы жалпыхалықтық оқуға таңдалған авторлардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай «Еңлік-Кебек» дастанынан берілген шумақты әрі қарай жалғастыру тапсырылды. Бұл жерде мүдірушілер де көп болды. Өйткені, түгел дастанды жатқа білудің өзі -өнер. Байқаудың келесі «Алтын қалам» аталған кезеңінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен елімізде 2007 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдап алынған үш кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары насихатталды. Яғни, аталған шығармаларды нақышына келтіре орындау тапсырылды.

Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасындағы басты кейіпкерлер образына ене білген байқау үміткерлерінің өнері көрерменінің көзіне еріксіз жас үйірді. «Асыл сөздің алдаспаны» аталған кезеңде қатысушылар аты аңызға айналған қазақтың қаhарман батыр ұлы Бауыржан Момышұлының шығармаларын насихаттады. Соңғы кезеңде тіл туралы мақал-мәтелдерден біліктіліктері сыналды. Байқау нәтижесінде бас жүлдені Мақат аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Қаракөз Ақтаева, І дәрежелі дипломмен №1 қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінің кітапхананы дамыту, әдістеме –библиографиялық жұмыс бөлімінің әдіскері Гүлнұр Құспанова, ІІ дәрежелі дипломды Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Ойыл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ажар Шоңбасова иеленсе, ІІІ дәрежелі дипломды Махамбет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлзира Әлібекқызы иеленді. Барлық қатысушылар да аудан әкімдігі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дайындаған сыйлықтарына ие болды.

Сайыс соңынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы шараны өткізуге ат салысқан ұжымға алғысын білдірді. Әрине, мұндай шараларды өткізудің мамандардың біліктілігін көтеруде маңызы зор екенін құптаған көрермендер көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521