Ортақ іске жұмылайық!

(0 Votes)

Күзгі-қысқы тазалықтың екі айлығы жарияланған соң да ауыл-аймақ, елді мекендер мен аудан орталығында тынымсыз тіршіліктің көрінісін күтеміз.

Өздеріңізге белгілі, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығы тазалық айлығы болып жарияланып, санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары басталғаны белгілі. Жалпыхалықтық сенбіліктер де бастау алды. Күні ертең, 21 қыркүйек күні, сенбілік өтеді. Туған аулымыздың келбетін көріктендіруге күш салуға барша болып жұмыстану күтілуде. Осы орайда тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, бүгінгі кент тазалығы көңіліңізден шыға ма, кент мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды қаншалықты қолдайсыз деген сұрақтарға жауап іздеген едік.

Орақ Деңгелбаев, ауданның құрметті азаматы:

– "Тазалық – денсаулық кепілі” деп халқымыз бекер айтпаған. Тазалық жоқ жерде құт-береке де болмайды. Осы орайда аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық айлығын сөзсіз қолдаушылардың бірімін. Әр саналы азамат өзі тұратын аулының, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. "Ауылына қарап, азаматын таны” деп осыдан айтылған емес пе? Соңғы кезде кентіміз көркейіп келеді. Аудан орталығында аллеялар, демалыс орындары көбейіп келеді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, кентіміз заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он-он бес жыл бұрынғы Мақат пен қазіргі кентіміздің келбетін салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені кент көркі ол кездегіден әлдеқайда жасанып, жайнап кеткені байқалады. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Аулымыздың осылай көркейіп жатқанын көріп біз, яғни, ардагерлер қуанып отырамыз. Аудан әкімі бастап, қала әкімі қоштап тазалыққа мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине, сүйсінерлік жай. Әсіресе, көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Оған үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті.

Гаухар Тоғаева, аудандық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бүгінде аудан көлемінде тазалық айлығы жүріп жатыр. Бірақ тазалық екі айлықпен бітпейді, ол күнде керек. Себебі, күл-қоқыс әрбір үйден күнде шығады. Осыған байланысты айтарым, сол үйден шыққан қоқысты, қалдықтарды тастайтын жерді білуіміз және сол тиісті орынға ұқыпты тастауымыз керек. Айлық аясында біздің мекеме де сенбілікке шығып, жан-жағымызды тазартудамыз. Әсіресе, мекемеміздің айналасын, жаяу жүргіншілер жолын сыпырып, күл-қоқысын шығарып тастаймыз. Алайда, бір байқағаным, жеке тұрғындар тарапынан қозғалыс жоқ. Кент тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы – барлық тұрғынға ортақ міндет. Сондықтан, әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызса, қандай жақсы болар еді?!

Ақтоты Сайлауқызы, "Нұрбөбек” балабақшасының меңгерушісі:

– Жыл сайын өткізілетін тазалық айлығының берері көп. Кенттің таза, әдемі болуы әрбір мақаттық, оның ішінде жастар үшін маңызды деп ойлаймын. Жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеуде де осындай шаралардың маңызы зор. Өзім еңбек ететін "Нұрбөбек” балабақша ұжымы тазалық айлығына белсенді түрде қатысуда. Жас ұрпақ өздері өмір сүретін жерімен мақтанатыны белгілі. Олай болса, Мақаттың соңғы кезде заманауи үлгіде жаңарып, жасаруы, көшелердің, демалыс орындарының әсем безендірілуі кент жастарының өз туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып отырғаны сөзсіз. Туған жеріміздің ажарланып, келбеттене түсуіне жағдай жасау әрбір тұрғынның міндеті болуға тиіс. Әрбір мақаттық өзі тұрып жатқан мекеніне деген жауапкершілігін сезініп, жанашырлық танытып, айналасын тазалап, сенбіліктерге белсене қатысса, көрікті болары сөзсіз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521