Туберкулезге жасөспірімдер шалдығуда

(0 Votes)

18 қыркүйек күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Жұмабай Қарағаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау мәселесі бойынша үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтті.

Мәжіліске ауылдық округтер мен кент әкімдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, аудандық мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе – туберкулез ауруы бойынша ахуал және оның алдын алу болды. 2018 жылдың 8 айындағы аудандағы туберкулез ахуалы және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөнінде аудандық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гаухар Тоғаева баяндады. Оның мәлімдеуінше, ауданда туберкулезбен ауыратын 12 науқас тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегіден 4 ауруға дейін өсіп отыр. Өткен жылы аурудың саны 8 болған еді. Яғни Мақат кенті бойынша 11, Доссор кенті бойынша 1 ауру анықталып отыр. 12 жағдайдың ішінде екеуі амбулаторлық-емханалық және стационарлық ұйымдарда медициналық көмекке жүгіну кезінде анықталса, оны міндетті және профилактикалық медициналық тексеру кезінде анықталған.

Екпені алмай, ауырды Қазіргі жағдайда балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулезбен аурушаңдық өсіп отыр. Осы жылы балалар арасында 2 жағдай тіркелген. Туберкулезбен сырқаттанушылық былтырғы жылмен салыстырғанда 2 жағдайға өсті. Ал, өткен жылдың осы кезеңіне ауру тіркелмеген болатын. Енді ауырған баланың жағдайына келер болсақ, біреуі екпенің қай түріне болса да қарсылық білдіріп, одан бас тартқан отбасының баласы болып отыр. Отбасында 4 бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі де барлық екпенің түрін мүлдем қабылдамаған. 2018 жылдың 8 айында 245 бала дүниеге келсе, оның 243-і БЦЖ екпесімен қамтылып отыр да, 3-уі екпе алмаған.

Жалпы, елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынады екен. Әрине бұл екпелердің көбісі ерікті, ішіндегі бірқатары міндетті болып келеді. Бала дүниеге келе сала төрт күннің ішінде – 3 екпе (туберкулезге қарсы; В гепатитіне қарсы; полиомелитке қарсы ОПВ), екі айлығында – 3 екпе (В гепатитіне қарсы; ОПВ; көкжөтел, дифтерия мен сіреспеге қарсы АКДС), үш айлығында – 2 екпе (ОПВ мен АКДС), төрт айлығында – 3 екпе (В гепатитіне қарсы; ОПВ; АКДС), бір жастан асқанда – 2 екпе (қызылшаға қарсы; паротитке қарсы), бір жарым жасында – 1 екпе (АКДС), жеті жасында – 3 екпе (туберкулезге қарсы; дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС), 12 жасында – 2 екпе (туберкулезге қарсы; дифтерияға қарсы АД-м), 15 жасында – 1 екпе (қызамыққа қарсы), 16 жасында – 1 екпе (дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС-м) салады. Жасөспірімдер арасында өткен жылы ауру тіркелмеген болса, бұл жылы екі ауруға өсіп отыр. 2013 жылдың маусым айынан бастап АКДС екпесінің орнына АбКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В вирусты гепатиті, гемофильді жұқпа, полиомиелитке қарсы) салу жайлы нұсқау шыққан. -Жасөспірімдер арасында туберкулездің жоғары аурушаңдығы оқушылар мен студенттер арасында қолайсыз эпидемиологиялық ахуалды айқындайды. Жасөспірімдер бірнеше факторлардың әсерінен туберкулезді жұқтырудың жоғары қауіп-қатер тобына жатады. Мысалы, Атырау облысында туберкулезбен ауырған орта арнайы, жоғары оқу орындары студенттерінің тұрмыстық-әлеуметтік мәселелері шешілмеген. Олардың көбі үй жалдап тұрады,-деді Г.Тоғаева.

Оқшаулау ісі оқсамай тұр

Кеңес отырысында жұқпалы туберкулез ошақтарынан балаларды оқшаулау мәселесінің бүгінде қиындық туғызып отырғандығы мәлім болды. Жұқтыруды болдырмаудың бірден – бір шарасы науқас адаммен қатынаста болғандарды уақтылы тексеріп, балаларды жұқпалы ошақтардан бөлектеу, сондай-ақ, туберкулездің таралуын тек туберкулез науқасының уақытылы емделуімен тоқтатуға болады. Балаларды туберкулез ошақтарынан бөлектеу үшін ауданда балабақша бар. Облысымызда мектеп – интернат жұмыс істейді. Алайда бүгінгі күні мектепке дейінгі мекемеге оқшаулауға тиісті 56 баланың бәрі де оқшауланған деп мәлімет берілгенімен, Доссор кентіндегі «Қызғалдақ» балабақшасына 15 тәрбиеленуші ғана барып жүр. Ал, мектеп-интернатқа оқшаулануға тиісті 30 баланың төртеуі ғана барып, ем-домын алып жүр. 26-сы ата-анасының бас тартуымен тағы да белгіленген емнен қалыс қалып отыр.

Дәрігердің мәлімдеуінше, туберкулез ауа тамшыларымен таралуына байланысты әрбір адамның бұл ауруды жұқтыру қаупі бар. Өйткені ауа барлығына бірдей. Туберкулез жұқпасы бар ошақтарда тұратын балалардың ауруға шалдығуы қаупі жоғары. Науқасты есептен алғаннан кейін бір жыл барысында сақталады. Сондай-ақ. науқастың көптеген байланыстарына (тұрмыстық, туыстық, миграциялық) қатысты кеңейеді. Осыған байланысты байланыс жасаған тұлғалар саны 30-дан астам адамды, ал көліктегі байланыстарды қосатын болсақ, 50 адамды құрауы мүмкін. Ересек адамдарда ауру белгілерінің пайда болуына дейін және ауруды анықтағанға дейін көп уақыт өтуі мүмкін екендігін ескеру қажет. Өйткені сол уақыт аралығында бала ауруды жұқтырып алуы мүмкін. Ал ол бала бойынан тез арада көріне қоймайды. Сондықтан алдын алу шараларының жартысы тиімсіз болып шығады. Мамандардың айтуы бойынша, науқаспен байланысқан тұлғалар арасында ауру әрқашан сақталады. Тоқ етерін айтқанда, балалардың ауруды жұқтыру ошағы – ол ересек адамдар. Алдын алу шараларының (дұрыс теңгерілмелі тамақтану, иммунитетті көтеру, шынықтыру, БЦЖ егу, химиялық профилактикалық емдеу) маңыздылығы қаншалықты жоғары болғанмен, ересек науқасты уақытында анықтап, оларды оқшаулап, емдеу қамтамасыз етілмесе, барлық әдістер тиімсіз болады.

Ауруды анықтау тәсілі

Ересек тұрғындарда туберкулезді ерте анықтау мақсатында профилактикалық медициналық тексеруге Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа азаматтар да жатады. 2018 жылдың 8 айында аудан көлемінде 9660 адам флюорографиялық тексеруге жоспарланып, 10396 тексерумен қамтылған. Орындалыс 107 пайызды құрады. Қаралғандар ішінен он ауру анықталды. Медициналық ұйымға туберкулез ауруы мүмкіндігін көрсететін белгілері бар 899 науқас қаралған кезде қақырық жағындыларын бактериологиялық зерттеу кезінде 21-і оң нәтиже, оның ішінде 3 науқас жаңадан анықталған туберкулез ауруы арасынан анықталып отыр.

Аурудың алдын алу шаралары

Туберкулез ауруының алдын алу және таралуын шектеу жұмыстары жөнінде аудандық орталық ауруханасының туберкулезге қарсы күрес бөлімшесінің меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер-фтизиатр Шахидат Жұманалиева мәлімдеді. Мақат өкпе аурулар диспансерінде «Д» есепте 135 науқас белсенді, I топта -58 науқас, белсенді емес II топта 77 науқас тұрады. Осы белсенді 58 науқастың 24-і Доссор кентінен, 30-ы Мақат кентінен, 441, 402-бекеттен бір-бірден, 2-уі Бәйгетөбеден. Фертильді жастағы әйелдер саны- 17. 2018 жылдың сегіз айында туберкулин сынамасына 1709 бала жоспарланған. Орындалуы- 100% (1709 бала). Нәтижесінде, 1121 бала «теріс», 287 бала «күдікті» (16,7%), 301-балада «оң» нәтиже анықталды. 58 бала «вираж» болып «Д» есепке алынды.

Науқастардың әлеуетін көтеру

Туберкулезбен ауырып, амбулаторлық деңгейде ем алатын 66 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш есебімен ай сайын әлеуметтік көмек төленуде. Аудан әкімінің 2017 жылғы 10 тамыздағы №133 қаулысына сәйкес Мақат кентінен 6 науқас баспанамен қамтылды. 2018 жылға оқшаулануға тиіс туберкулезбен ауыратын 13 науқас баспанамен қамтуды қажет етеді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі емдеу қабылдағаннан кейін ауруларды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуге жұмыстануда. Дегенмен, олардың көпшілігі денсаулығы жарамсыздығынан жұмыстан бас тартып отыр. Кеңесті қорытындылаған аудан басшысы Жұмабай Қарағаев балаларды туберкулез ошақтарынан бөлектеу мақсатындағы шараларды ширатып, жаңаша бағытта қызмет қылу үшін штаб құрылып, жос-пар жасақтауды және манту сынамасына ыждағаттылықпен мерзімінде аяқтауды барлық денсаулық ұйымы және білім мекемелерінің басшыларына тапсырды. Туберкулезбен күрес шараларына қатысты ақпарат мәліметке алынып, олар бойынша қаулы қабылданды.

Г.САЛИКОВА.

Суретті түсірген А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521