Қазіргі уақытта СOVID-19 вирусы ауруына шалдыққандар мен вирустан көз жұмғандардың санының артуына байланысты, бұқаралық ақпарат құралдарының және денсаулық сақтау министрінің шілде мен тамыз айларында сақтық шараларын тиісінше орындамаған жағдайда вирустың өршуі мүмкін деген болжамдар айтылуда.
Осыған байланысты үйлерінде әртүрлі шаралар ұйымдастырып, той, қыз ұзату және басқада келін түсіру тойларын немесе қайтыс болған адамдардың кәделерін ұйымдастырған тұлға, тікелей айналасындағы ағайын тумасының денсаулығына зиян жасап отырған, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отырған жауапсыз адам деп қарау керек.
Себебі осындай басқосулардан кейін көптеген адамдар ауырып немесе сол үйдің жанұя мүшелері , сол кәдеге немесе сондай жиынға келген қонақтардың ауру фактілері облыс көлемінде қалаберді республика көлемінде өршіп тұр.
Сол себепті барлық аудан тұрғындарына қатаң ескертеміз, үйде, аулада немесе киізүй мен палаткаларда әртүрлі шара ұйымдаструларыңызды дереу тоқтатуларыңызды сұраймыз.
Жиын мен басқосулар және кәделерді өткізуші азаматтар өзінің, жанұясының және келушілердің өмірі мен денсаулығына жауапты екенін естен шығармауы керек.
Және де үйде жасалған шараларға барған адамдар біріншіден өзінің де өзгенің де денсаулығына жауапты екенін ескеріп, жауапкершілікпен қарауы керек. Жанұясында қуанышты жаңалық болған тумалар мен дос-жарандарға “құтты болсын” айтып барып, шаңырағында қайғылы жағдай болған қимас ағайынға бата оқуларды жақсы күндерге қалдыруларыңыз сұралады. Бата ешқашанда ескірмейтінін аталарымыз бекер айтпаған.
Сонымен қатар көшеде және қоғамдық орындарда маскасыз жүрмеулеріңізді, себепсіз көшеге шықпауларыңыз керек екендігін естен шығармаған жөн. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай әрі қарай жалғасқан жағдайда Мақат ауданында да карантиндік шараларды күшейтіп, ауданға кіру мен шығуды шектеуге мәжбүр боламыз.
Тәртіпке бағынбағандарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңына сәйкес қатаң шара қолданып, жоғарыда аталған санитарлық талаптарды бұзған азаматтардың аты-жөнін алдағы уақытта Мақат тынысы және аудандағы барлық әлеуметтік желілерге жариялайтын боламыз.
ШӘКІР КЕЙКИН,
Мақат ауданы әкімі