Қоңыр күздің алғашқы күні шәкірттерді шат-шадман көңіл күйге бөледі. Бала көңілі теңіздей толқып, қолына алғаш әліппе ұстағандардың қатарында бәйгетөбелік бүлдіршіндер де бар.
Өткен оқу жылын 245 оқушымен аяқтаған Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің білім сапасы 62,2% пайызды құраған. Аталмыш білім ордасы жаңа оқу жылын 15 сынып 246 оқушымен бастағалы отыр. Ал, бірінші сыныпқа 31 бала қабылданған.
Әлемдік ахуал алақандай ауылға да кесірін тигізбей қоймады. Биылғы алғашқы қоңырауда санаулы ғана шәкірттер сап түзеді. Салтанатты жиын төріне мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған "Мәңгілік Еліміздің" жас бүлдіршіндері сынып жетекшілерімен бірге ортаға шақырылды. Әскери жетекші әдеттегідей пәрмен беріп, рухты әуеннің ырғағымен көк байрағымыз ортаға әкелінді. Алғаш болып сөз алған мектеп директоры Б. Тиышбаева сағына қауышқан шәкірттеріне сәтті қадам тілеп, әліппенің алғашқы легін табыстады. Қадірлі мейман ретінде қатынасқан округ әкімі Қ.Төлеуов пен ауыл ақсақалы Е.Жоламанов та білім жайлы білгенімен бөлісіп, ақ батасын берді.
Қыркүйектің бірінші жұлдызында алғашқы қоңырау үнін ести алмай қалған өзге сынып оқушылары қарап отырсын ба? Оларға ұстаздары танымдық бағыттағы сынып сағаттарын өткізді. Мәселен, Т.Темірғалиева 4 сыныпқа арнап "Тәуелсіздік жетістіктері" тақырыбында дайындалған екен. Жазғы демалыстан шыққан сыныптастар сағынысып дидарласқаннан кейін сынып сағатына белсене кірісті. Елдің егемендігі жолында құрбан болған батырларымызбен танысып, сонау тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап әр жылдағы жетістеіктерге жекелей тоқталды.
А.САДЫКОВ