Мұнайлы мекеніміздің атын кәрі құрлыққа танытқан тағы бір жас өреніміз жарқ ете қалды. Украйна астанасы Киев қаласында өткен "Стрит воркаут" спорт түрінен ел намысын қорғағандардың арасында жерлесіміз Ақжол Салахадин де бар еді.
Аталмыш додада Ақжол 60 кг салмақта сынға түсіп 142,5 кг салмақты зіл темір тартудан екінші орынға ие болды. Жеңіс тұғырынан көрінген жерлесімізбен жақынырақ танысу үшін желі арқылы байланыс орнаттық.
Ақжол Салахадин 2003 жылы Мақат ауданында дүниеге келген екен. М.Баймұханов атындағы орта мектептің түлегі бүгінде Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінде автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша білім алуда. "Белтемірге тартылу маған оқушы кезеңімнен-ақ бөтен емес еді. 8-ші сынып оқып жүргенде мектебімнің атынан әсери жарыстарға қатысып жүрдім. Ал, аталмыш жарысқа өз қаражатыммен бардым. Жарыс жолына шыққан 12 адамның 8-і жүлдеге ілікті. Және 16 жасқа дейінгі категориядан 15 жасар өреніміз брусьяға 151 рет серпіліп жаңа рекорд орнатты. Белтемірге бір қолмен 11 рет тартылған әріптесім мен 20 кг темір байлап екі қолмен 10 рет шыққан спортшымыз да рекорд орнатқандардың қатарында",-дейді Ақжол.
Бейбіт күндегі батырымыз алға қарай дайындығын күшейтіп ел намысын бұдан биік байрақты бәсекелерде қорғасам дейді. Ендеше сәттілік серігің болсын Ақжол!
А.САДЫКОВ