Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атарушы Бекәділ Жайкиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында дала өрттерінің алдын алу және ауданның өртке қарсы су көздерімен қамтылу жағдайы, аудан аумағында мал ауруларының алдын алу және мал қорымдары жағдайының мәселесі және қатты желдің әсерінен зақымдалған шатырлардың жағдайы және оларды қалпына келтіру жұмыстары туралы 3 мәселе қаралды.
Алдымен, күн тәртібіндегі бірінші мәсее бойынша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Камалов баяндады. Баяндамада 2024 жылдың өрт қауіпті кезеңінде ауданы аумағында дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары жасақталып, аудан әкімімен ағымдағы жылдың наурыз айында бекітіліп, аталған жоспарды іске асыру мақсатында өрт қауіпті маусымында дала өрттерінің алдын алу және оларды жою жөнінде мобильді топ құрылғандығы айтылды. Сондай-ақ, кент және ауылдық округтерде құрылған ерікті өрт сөндіруші жасақтарының дала өрттерін жоюға дайындықтарын пысықтау мақсатында, олардың техникалық жарақтандырылуына комиссиялық қарау өткізу үшін, ықтимал дала өрттерін сөндіру бойынша ауданның шұғыл ден қою жасақтарын жұмылдыра отырып, оқу-жаттығу өткізу жоспарланғандығы қаперге берілді.
Айта кетейік, ауданда соңғы 15 жылда дала өрті тіркелмеген.
«Бүгінде, аудан әкімдігінің мәліметіне сай 2024 жылы 007-«Аудандық ауқымдағы дала өрттерінің, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендерде өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шаралар» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 3 210 000 теңге қаражат қаралған. Қаражаттан ерікті өрт сөндіру жасақтарына 11 –дана арнайы киімі алынды.
Аудан әкімімен бекітілген «Мақат ауданы аумағында 2024 жылғы өрт қауіпті маусымында дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралары жоспарына» сай, аудан көлемінде 30 адамнан тұратын 1 ауылдық округ және 2 кентте құрылған ерікті өрт сөндірушілер жасақтары құрылған. Министрліктің ерікті өрт сөндірушілер жасақтарын қоғамдық бірлестік құрамына өткізу тапсырмасына сай, 2021 жылы «Наркескен» қоғамдық бірлестігі құрылып, жасақтарды құрамына алды.
Жергілікті атқарушы органының қаражаты есебінен ерікті өрт сөндіру жасақтары арнайы оқу орталығынан оқудан өткізілуде.
Ағымдағы жылдың сәуір айында көктемгі-жазғы кезеңінің басталуына байланысты, Мақат ауданында орналасқан өртке қарсы су көздеріне (ӨСГ), Мақат ауданы Мақат кентінің №8 ӨСБ-мен, су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, техникалық жағдайларына байқау жүргізілді. Техникалық жағдайына бақылау жүргізу кезінде 45 дана өрт сөндіру гидранттарының 25-і жарамсыз екені анықталды», - деді Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Камалов өз баяндамасында.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Мақат аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорының маманы Медет Еркінұлы баяндады.
Ол өз баяндамасында ауданда ауыл шаруашылық жануарларын аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация жасап егу, бруцеллез, эпидемит жұқпалы ауруларына қарсы қан алынып облыстық ветеринариялық зертханаға тексеруге жеткізу, ауыл шаруашылық малдарын сырғалап, чиптеп ауыл шаруашылығы бірдейлендіру жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Одан бөлек, төрт түлік мобильді қосымшасына мал иелерін тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатырғандығын жеткізді.
Ал, күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Каримоллаұлы баяндады.
Ол өз сөзінде 2022 жылдың қазан айында басталған Мақат кентінде орналасқан 12 көпқабатты тұрғын үй шатырлары мен қасбеттерін күрделі жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарда бар екендігін айтып өтті. Айтуынша, 29 дана көп қабатты үйлердің төбе шатырларын және қасбеттерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, маусым айында сараптамадан оң қорытындысы алынған. Баяндамашылардың сөзінен соң, жиынға қатысушылар тарапынан көкейтесті сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар алынды.
Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекәділ Жайкин жауапты мекемелерге бірқатар тапсырмалар беріп, оның орындалысы қадағалауда болатындығын қаперге берді.
Ә.Қасым